16 қаз, 2019 сағат 07:14

Жапониядағы тайфун: 74 адам қаза тауып, 11-і із-түзсіз кеткен

Жапонияда «Хагибис» тайфуны салдарынан қаза тапқандар саны 74 адамға жетті. Тағы 11 адам хабар-ошарсыз жоғалған, деп хабарлайды NHK телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, 200-ден астам адам жарақат алған. Апат құрбандары мен зардап шеккендердің көпшілігі Хонсю аралының солтүстік-шығысындағы Фукусима және Мияги префектураларының тұрғындары. Сондай-ақ Канагава префектурасы да адам шығынын аз көрген жоқ.

Қазір 13 мың пәтер жарықсыз отыр, 130 мың үйде су жоқ.

Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсихидэ Суганың мәлімдеуінше, апаттан зардап шеккен өңірлерде инфрақұрылымды қалпына келтіру және іздестіру-құтқару операциялары жүріп жатыр. Оған 110 мың адам жұмылдырылған.

230 мектеп, ондаған супермаркет жабылған, 120-дан астам банкомат істен шыққан.

«Хагибис» тайфуны күншығыс еліне өткен демалыс күндері жеткен еді. Кей өңірлерде екі күн ішінде жауын-шашынның екі айлық мөлшері жауған.