28 мам, 2020 сағат 08:48

Жапония туристер шығынын өтеп бермек

Жапония үкіметі коронавирус пандемиясынан зардап шеккен туризм индустриясын жандандыру мақсатында саяхаттаушылардың шығынын ішінара өтеуді шешті, деп хабарлайды Kyodo агенттігі.

1,35 триллион иен (12 миллиард АҚШ долларынан астам) бөлінген Go To Travel бастамасы аясында Жапония үкіметі саяхаттаушыларға күніне 20 мың иенге (185 АҚШ доллары) жуық субсидия беруді шешті.

Субсидиялар сапарлар құнының жартысын жабады және демалушылар жақын орналасқан мейрамханалар мен дүкендерде пайдалана алатын үлкен жеңілдіктер мен ваучерлер беріледі. Бастама шілде айының соңында іске қосылатыны күтілуде. 

Жапония сапар құнының жартысын өтейтіні туралы бастаманы естігеннен кейін әлеуметтік желі пайдаланушылары оның шетелдік туристерге де қатысы бар деген ойға келген. Бірақ, шын мәнісінде олай емес. 

Forbes-тің жазуынша, Жапонияның бұл жобасы COVID-19 пандемиясынан кейін ел ішінде саяхаттауды ынталандыруға бағытталған және мемлекет аумағында сапарлайтын жапониялықтарға ғана қатысты. 

Kyodo коронавирус ел туризміне елеулі әсер еткенін атап өтеді. Себебі Токиода Олимпиада кейінге қалдырылды, тиісінше шетелдік туристер де келмейді.

Tokyo Shoko Research зерттеуіне сәйкес, 31 қонақүй бизнесі банкрот болғанын жариялады. 

Осы аптаның басында премьер-министр Синдзо Абэ Токиода және оның маңайында, сондай-ақ Хоккайдода төтенше жағдай режимі алынғанын мәлім етті.