Жапониялық компания медицина қызметкерлері арасында коронавируске шалдығу оқиғаларының санын азайту мақсатында ПТР-тест жүргізетін роботталған жүйені құрастыруда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Жапониялық БАҚ-тардың мәліметінше, роботталған жүйе бірнеше роботтан тұратын болады. Біріншісі адамнан анализ алады. Екіншісі биоматериалды зерттеу құрылғысына салады. Ал үшіншісі реагенттермен жұмыс істейді.
Роботтарды «Kawasaki Heavy Industries» және «Sysmex»-тің бірлескен компаниясы ойлап тапқан және олар осында құрастырылмақ.
Жапония компаниясының өкілдері атап өткендей, басты элемент науқастардан анализ алу болып табылады. Себебі бұл дәрігерлерге COVID-19-ға ПТР-тестілеуді қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде індетті жұқтырып алу қаупін азайтады.
Роботтардың өндірісі қолға алынған Кобе қаласында билік өкілдері компанияға 460 мың доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетпек. Сондай-ақ ауруханалар мен өзге де мекемелерде сынақ алаңдарын ұсынады.