Жапония үкіметі император Акихитоның өз еркімен тақтан бас тарту күні ретінде 30 сәуірді белгіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" trend.az агенттігіне сілтеме жасап.
Мәлім етілгендей, жаңа мұрагерді таққа отырғызу рәсімі 2019 жылдың 1 мамырында өтеді.
Мұндай шешім соңғы 25 жыл ішінде алғаш рет шақырылған Императордың отбасы мәселелері жөніндегі комиссия отырысында қабылданды. Император көзі тірісінде тақтан бас тартуы 200 жылда тұңғыш рет болғалы отыр.
Өткен жылдың тамызында император Акихито халыққа арнайы үндеуінде егде жасына байланысты өз міндеттерін орындау қиынға соғып жатқанын айтып, тақты мұрагерге бергісі келетінін жеткізген еді. Бірақ, Император үйі туралы заңда және ел конституциясында мұрагердің таққа отыруы тек іс басындағы император қайтыс болғаннан кейін ғана қарастырылған.