14 мам, 2020 сағат 10:25

Жапония 39 префектурада ТЖ режимін алып тастамақ

Жапонияда 47 префектураның 39-ында коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді. Осыған байланысты бейсенбі күні ел үкіметі осы аймақтарда төтенше жағдай режимін алып тастау туралы мәселені қарастырды. Токио мен Осакада төтенше жағдай режимі жалғаса береді, деп хабарлайды Kyodo агенттігі.

Агенттіктің хабарлауынша, коронавирус жұқтыру жағдайларының жалпы саны 39 префектурада азайған.

Төтенше жағдай режимі Хоккайдода, Токионың елордалық аумағына кіретін Чиба, Канагава және Сайтама, сондай-ақ Киото, Осака және Хиогода жалғасады деп күтілуде.

Сағат 18:00-де Премьер-министр Синдзо Абэнің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді. Ел үкіметі жақын қарым-қатынастардан аулақ болуға, адам жиналатын жабық орындардан, өңірлер арасында саяхаттаудан бас тартуға шақыруда.

Сәуір айының соңынан мамыр айының басына дейін өтетін Алтын аптаның мерекесі кезінде COVID-19 жұқтырудың жаңа жағдайларының пайда болуы мүмкін. Осыған алаңдаушылық білдірген үкімет азаматтарға қарым-қатынасты шектеуге және префектурадан тыс жерлерден бас тартуды ұсынды.

Бастапқыда, Премьер-министр Синдзо Абэ Токиода, Осакада және басқа да бес префектурада 6 мамырға дейінгі кезеңде осы аудандарда жұқтыру жағдайлары санының күрт өсуіне байланысты төтенше жағдай енгізілгені туралы жариялаған болатын.

16 сәуірде төтенше жағдай режимі елдің барлық 47 префектурасына енгізілді. Бұған дейін хабарлағандай ТЖ режимі 31 мамырға дейін ұзартылды.

Бүгінде елде коронавирус жұқтырудың расталған жағдайларының саны 16 700-ден асты. Оның ішінде 700-і – ақпан айында карантинге жіберілген Diamond Princess круиз лайнерінің жолаушысы. Елде вирустан 690 адам көз жұмған.