19 шіл, 2024 сағат 16:49

Жапон спортшысы темекі шеккені үшін Олимпиадаға қатыстырылмайтын болды


Фото: instagram.com/shoko_miyata

Жапонияның спорттық гимнастика құрамасының капитаны Секо Мията Париждегі Олимпиада ойындарына қатыспайтын болды.

Ол заң мен команда ережелерін бұзып, темекі шеккені үшін ұлттық құрамадан шеттетілді. Kyodo басылымының хабарлауынша, 19 жастағы Мията Монакодағы оқу-жаттығу кезінде темекі шегіп ұсталған. Кейінгі күні ол команданың ашық жаттығуына қатыспаған және кейіннен құрамадан шеттетіліп, еліне қайтарылған.

Жапонияда заң бойынша 20 жасқа толмағандарға алкоголь ішу мен темекі шегуге тыйым салынған. Бұл заң ұлттық құрама спортшыларына өзге елде жүргенде де күшінде болады.

Секо Мията 2022 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, бөренедегі жаттығу бойынша қола жүлдегер атанған болатын. Сол жылғы Азия чемпионатында секіру және еркін жаттығулар бойынша күміс медаль, ал командалық турнирде қола медаль иеленген еді.