Фото: Azattyq.org
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік "Кабар" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қырғызстанның бұрынғы президенттерімен Дубайда кездескені туралы айтты, деп хабарлайды Азаттық.
Оның сөзінше, Дубайда кездесу ұйымдастырардан бұрын Бішкекте Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбеков сөйлескен. Жапаров олар "бір-бірін кешіріп, татуласты" дейді.
"Одан кейін Дубайда кездесу ұйымдастырылды. Әрқайсысымен жеке сөйлесіп, Дубайға шақырдым. Бірақ оларға өзге де бұрынғы президенттер келетінін айтқан жоқпыз. Ол рас. Өйтпесек, кейбірі келмей қалуы мүмкін еді. Кездесу кезінде олардың ешбіріне қаржы немесе саяси тұрғыдан қарыздар емес екенімді, президент болғаныма ешбірінің қатысы жоқ екенін айттым. Кездесудің басты мақсаты – келісімге келу. Лидерлер келісімге келмесе, оларды қолдаушылармен келісімге келу қиын. Сол себепті олар өз жақтастарын татулыққа, бірлікке шақырғаны жөн" деді Жапаров.
Оның сөзінше, бұрынғы президенттер бұл бастаманы қолдаған. Кездесу төрт сағатқа жалғасқан.
Қырғызстан президенті сырттай сотталған, Қырғызстанға келсе, қамауға алынуға тиіс Құрманбек Бәкиев туралы сұраққа да жауап берген.
Жапаровтың сөзінше, кездесу кезінде ол қырғыз бас прокуратурасы 13 жыл ішінде Беларусьқа Бәкиевті экстрадициялау туралы төрт рет сұрау салғанымен нәтиже шықпағанын айтқан.
"Конституцияның 66-бабы бойынша, президент халық пен мемлекеттік биліктің бірлігін қамтамасыз етуі қажет. Міндетімді атқардым. Жауапқа тарту мәселесіне келетін болсақ, әрбір адам өз кінәсі үшін құдайдың алдында, тарих пен заң алдында жауап береді. Көп адам кездесудің мақсаты Бәкиевті елге қайтару деп ойлап отыр. Қайтарғымыз келсе Дубайға емес, Бішкекке шақырар едік. Бәкиевтен өзгелердің бәрі Бішкекке келе алады. Иә, Бәкиев жөнінде сот шешімі бар. Егер Бішкекке келсе, қамауға алынар еді. Біз заңға бағынуымыз керек" деді Жапаров.
Ол сұхбатының қорытынды бөлімінде мұндай кездесулер жалғасатынын және барлық саясаткерді бітістіруге дайын екенін айтқан.
18 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook-тегі парақшасында бұрынғы президенттермен кездескенін, олар бір-бірін кешіргенін хабарлаған.
Кейінірек Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев бұл кездесу туралы пікірін айтып, "елде бейбітшілік пен татулық орнату мен Бәкиевтерді Қырғызстанға оралту – екеуі екі бөлек нәрсе" деген еді. Ал Асқар Ақаев сұхбатында Садыр Жапаровтың бастамасын қолдайтынын айтқан.
Бұрынғы президенттердің бұлайша бас қосуы Орталық Азиядағы бұрынғы совет республикаларында алғаш рет болып отыр. Қырғызстан президенттерінің көпшілігі жаппай қарсылық акцияларынан кейін қызметінен кетіп, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Асқар Ақаев 1991-2005 жылдары, Құрманбек Бәкиев 2005-2010 жылдары, Роза Отунбаева 2010-2011 жылдары, Алмазбек Атамбаев 2011-2017 жылдары, Сооронбай Жээнбеков 2017-2020 жылдары Қырғызстан президенті болған.
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.