23 қаз, 2020 сағат 01:00

«Жаным, айтсам сенбейсің»: Қазақстандық фильм Ресей фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды

Қазақстандық «Жаным, айтсам сенбейсің» фильмі ресейлік «Киношок» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл жайында кинофестивальдің ресми сайтында жарияланды. 

1992 жылдан бері Ресейдің Анапа қаласында ұйымдастырылатын жыл сайынғы «Киношок» фестивалінің салтанатты марапаттау рәсімі биыл 17-23 қазан аралығында өткен болатын. 

Шараның бас жүлдесі - толық метражды фильмге берілетін «Алтын сабақ» гран-при сыйлығын Ернар Нұрғалиевтің «Жаным, айтсам сенбейсің» фильмі иеленді. 

Кинотуынды сонымен қатар Баспасөз дипломын алып, «Үздік сценарий» аталымында көш бойы озып шықты. 

Фото: Facebook

Сондай-ақ қазақстандық «Черный, черный человек» фильмінің қоюшы режиссері Әділхан Ержанов фестивальдің «Үздік режиссура» номинациясында жеңіске жетті. 

Ал осы фильмнің басты рөлін сомдаған Данияр Алшынов үздік актер атанды. 

Айта кетейік, Данияр Алшынов «Жаным, айтсам сенбейсің» фильмінде де басты рөлде ойнаған.