Мемлекет басшысының Өкімімен Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген, филология ғылымының кандидаты, профессор. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің зан факультетін бітірген.
1980-1993 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы, доцент.
1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, бөлім бастығы.
1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті протокол қызметінің бас сарапшысы, Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы.
1999-2006 жылдары - ҚР Президенті протоколының жетекшісі.
2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті протоколының жетекшісі - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.
2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі.
2007-2010 жылдары Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
2010-2016 жылдары Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарды.
2016 жылғы 6 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған болатын. Өткен жылы 20 маусымда қайта құрылған Түркістан облысына әкім болып тағайындалды.
"Қазақ тілінің тарихи грамматикасы", "Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы", "Қазақ тілі", "Қазақ тілі: Грамматикалық анықтамалық", т.б. кітаптардың авторы. "Құрмет" орденімен, медальдармен марапатталған.
Айта кету керек, бүгін Мемлекет басшысының Өкімімен Леонид Андреевич Прокопенко басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметінен босатылды.