28 қыр, 2022 сағат 00:13

Жансая Әбдімәлік ФИДЕ Гран-приінің көшбасшысымен тең ойнады


Шахматтан ФИДЕ (WGP) әйелдер арасындағы Гран-при жарысының бірінші кезеңі тоғызыншы турында қазақстандық Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік кезекті ойынын тең нәтижемен аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған сайыстың тоғызыншы турында Жансая Гран-при үздігі ресейлік Александра Горячкина, Бибісара германиялық Динара Вагнермен кездесті. 

Жансаямен тең ойыннан кейін ресейлік шахматшы бірінші орыннан төмен түсті. 

Гран-при жарысында қос шахматшымыздың еншісінде 1 жеңіс, 6 тең ойын және 2 жеңіліс бар. Жансая жетінші орнын сақтап қалса, Биібсара оныншы орыннан сегізінші орынға көтерілді. 

28 қыркүйекте Жансая турнирдің тағы бір үздігі - ресейлік Екатерина Лагномен кездессе, Бибісара германиялық Элизабет Петцпен шеберлік байқасады.