26 жасар қазақстандық Жанқош Тұраров қарсыласын нокаутқа түсіріп, кәсіпқой бокстағы 21-ші жеңісіне қол жеткізді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Оның қарсыласы - 36 жастағы мексикалық Густаво Гарибай болды. АҚШ-тың Бока Ратон қаласында өткен жекпе-жектің үшінші раундында Тұраров қарсыласын нокдаунға түсірген. Кейін үдете соққан соққысынан раунд аяқталар тұста рефери жекпе-жекті тоқтатты.
Айта кетейік, боксшылар салмақ өлшеу рәсімінде жартылай орта салмақ лимиті саналатын 147 фунтқа (66,6 келі) сәйкес бола алмаған еді, сондықтан жекпе-жек аралық салмақта өтті - бірінші орта және жартылай орта салмақ аралығында (151 фунт) өтті.
Осылайша қазақстандық боксшы 21-ші жеңісіне қол жеткізді, оның 15-і уақытынан бұрын аяқталды. Гарибай өз кезегінде мансап жолында 9-шы рет жеңіліс тауып отыр. Оның активінде 13 жеңіс және 2 тең жекпе-жек бар.