Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бокстан 75 келіге дейін салмақта өнер көрсетіп жатқан Жәнібек Әлімханұлы ширек финалға жолдама алды.
Алматы облысының тумасы 1/8 финалда Алжир боксшысы Ильяс Аббадимен жолықты. 2013 жылғы әлем чемпионы кездесу тізгінін өз қолына алып, үш раунд бойы басымдық танытты.
Жәнібек осының алдында ағылшын Энтони Фаулерді жеңген еді. Ширек финалда Артем Чеботарев (Ресей) - Камран Шахсуварлы (Әзірбайжан) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, Рио Олипиадасының алғашқы жарыс күні 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Берік Әбдірахманов бірінші айналымнан аса алмай, жарысты ерте аяқтаған болатын. Кеше 49 келідегі Біржан Жақыпов ширек финалда ұтылып, жүлдеден құр қалды. Ал Василий Левит жартылай финалға жолдама алды. Сондай-ақ бүгін Қайрат Ералиев 2013 жылғы әлем чемпионы Джавид Челебиевті, Данияр Елеусінов ағылшын Джош Келлиді, Әділбек Ниязымбетов беларусь боксшысы Михаил Долголевецты ұтса, жас боксшымыз Абылайхан Жүсіпов жарыс жолынан шығып қалды.
Ұлт порталы