27 мау, 2021 сағат 12:05

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы чемпиондарға үндеу жасады


Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) бүгін АҚШ-та WBA-дің экс-чемпионы Роб Брантты (26-3, 18 КО) жеңгеннен кейін өз дивизионындағы кіл мықтыларды жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жеңістеріңіз құтты болсын, Қазақ елі! Аллаға шүкір! Мансабымыздың жаңа белесіне шықтық. Біз мықтымыз. Біздің стиль мықты. Бұйыртса QAZAQ STYLE-ді тарихта қалдырамыз. Қолдауларыңызға көп рақмет!», - деп жазды боксшы Instagram-дағы парақшасында.

Сондай-ақ Жәнібек Twitter-аккаунтында чемпиондарға қарата ағылшын тілінде твит жазды. 

«Чемпиондар, қайдасыңдар? Сендерді нокаутқа жібергім келеді», - деді ол.

Еске салайық, бүгін АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы америкалық Роб Брантпен жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті. Ол алтыншы раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Кейін Р.Брант тоғызыншы раундқа шығудан бас тартты.