19 шіл, 2021 сағат 10:19

Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпиондарын жекпе-жекке шақырды


Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы өз санатындағы әлем чемпионы титулы үшін тағы да айқасуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" боксшының желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Қазіргі кезде орта салмақта Джермалл Чарло (WBC) мен Деметриус Андраде (WBO), қазақстандық Геннадий Головкин (IBF, IBO) мен Жапония өкілі Риота Мурата (WBA Super) әлем чемпиондары болып саналады. 

«Чемпиондық айқасқа түскім келеді. Мен WBO рейтингінде екіншімін. Мунгия – рейтингідегі бірінші нөмір. Олардың менімен айқасуға келіспейтінін білемін. Өйткені оларды нокаутқа жіберетінімді біледі. Андраде? Ол қайда? Маған менің WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулым керек», - деп жазды Twitter-де Жәнібек, өзінің промоутері Боб Арумның, WBO президенті Франциско «Пако» Валькарсельдің және WBС басшысы Мурисио Сулейменнің аккаунттарын белгілеп.

Еске сала кетсек, 27 маусым күні Лас-Вегаста өткен жұдырықтасуда Жәнібек WBA-ның орташа дивизионда бұрынғы әлем чемпионы Ром Брантты техникалық нокаутпен жеңді. Ол кәсіпқой бокстағы оныншы жеңісіне қол жеткізді.