Әлемдік мегаполистерді ерекшелендіретін де, олардың қалыпты өмірі мен дамуында шешуші рөл атқаратын да озық технологиялық инфрақұрылымы екендігі белгілі. Елбасының Астананы одан әрі өркендету мәселесінде қаланың базалық инфрақұрылымын барынша дамытуға үнемі басымдық беріп келе жатқандығы да сондықтан. Тәуелсіздік жылдарында Астана қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту мақсатында орасан зор жұмыстар іс жүзіне асырылды. Бас қаламызды электр энергиясымен кідіріссіз қамтамасыз ету мақсатында ескірген электр тарату желілерін жаңғырту және жаңа тарату жүйелерін салу кешенді түрде жүргізілді.
Елорданың сапалы да лайықты тыныс-тіршілігі үшін электр тарату желілері инфрақұрылымының кідіріссіз жұмыс істеуі өте маңызды. Бүгінгі күнделікті тұрмысымызды электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Жарты сағат жарық жанбай қалатын болса, қала тыныс-тіршілігінің сәні кетеді. Міне, сондықтан, еліміздің бас қаласының электр қуатымен тұрақты және сапалы қамтамасыз етілу жолында «Астана өңірлік электр желілері компаниясы» акционерлік қоғамына жүктелер міндет үлкен, жауапкершілік зор.
Түн мезгілінде елорданы жарықтандыруға және оның көшелері мен ғимараттарын жарықпен қамтамасыз етуге күн сайын 112 495 кВт/сағат электр энергиясы жұмсалады екен. Түнгі қаланың самаладай жарқырап тұруына яғни оның орамдары мен көшелерін, саябақтары мен скверлерін жарықпен жарақтандыруға «Астана қалалық жарық» ЖШС жауап береді. Бүгінде бұл серіктестіктің балансында 18 мың тротуарларды және саябақтарды жарықтандыратын шамдар, 31 мың жол жиегіндегі шамдар және 3 мыңнан астам квартал ішіндегі прожекторлар бар. Сонымен бірге, бүгінде Астана қаласын түнгі мезгілде жарықпен қамтамасыз етудің жаңа технологияларға негізделген озық үлгілері іс жүзіне асырылуда. «Астана қалалық жарық» ЖШС мамандарының айтуынша, қазіргі кезде қала көшелеріндегі «ДНаТ» маркалы шамдарды диодты жарық беретін шамдармен ауыстыру жұмысы жүргізілуде. Мәселен, Бейбітшілік көшесінің бойында, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының маңында, Кенесары көшесінің бойында, Сарыарқа даңғылында және басқа аймақтарда 5 686 диодты жарық беретін шамдар орнатылған.
Жыл сайын қала көшелерін жарықтандыру мақсатында озық технологияларды іс жүзіне асыру кең көлемде жүргізіліп келеді. Өткен жылы Сарыарқа ауданындағы бірқатар орамдарда 474 дана диодты жарық беретін шамдар орнатылды. Биылғы жылы «Серуен» жаяу жүргіншілер көпірінің маңайына осындай жарық беретін шамдар көптеп орнатылды. Алдағы жылы Сығанақ, Бейсекова, Керей және Жәнібек хан көшелерін, Қорғалжын тасжолының бойын осындай жарық беретін шамдармен жабдықтау жұмысы жалғастырылатын болады. Бұл электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бас қаланы жарықтандыру ауқымының өсуіне байланысты энергия қуатына деген сұраныс барған сайын артып отыр. Елорданы электр энергиясымен қамтамасыз ету көлемі жыл сайын 8-10 пайызға артады. 2017 жылы электр энергиясына деген сұраныс 30-35 пайызға және жылу энергиясына деген сұраныс 25-30 пайызға артпақ. Сондықтан, бас қаланың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Қалалық энергетика басқармасы мамандарының айтуынша, соңғы жылдары елордада энергетикалық инфрақұрылымның жаңа нысандары құрылысынан басқа қолданыстағы нысандарды қалпына келтіру және жылу орталықтарының энергия көздерін жаңғырту жұмыстарына басымдық берілуде. Елордадағы энергетикалық инфрақұрылымды сөз қылғанда №1 ЖЭО, №2 ЖЭО алдымен еске оралады. Астана халқының өсуіне байланысты бұл орталықтардың жарық және жылу жүйелеріне салмақ түсіп жатқаны да белгілі. Сондықтан, қаладағы негізгі екі жылу электр орталығын жаңғырту жұмысы бірінші кезекте жүзеге асырылды. «Ақылды қала» инновациялық жобасы шеңберінде өткен жылы ПТВП-100 ст. №7 қазандық агрегатының орнына КВ-Т-128-150-су жылытқыш қазандық агрегаты орнатылды. ЭКСПО-2017 көрме қалашығын, «Абу-Даби Плаза» ТК нысандары, «Мыңжылдық саяжолы», Орынбор, Тұран, Сарайшық даңғылы бойындағы тұтынушыларды жылу энергиясымен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 489 шақырым 4-5 кірме жылу магистралін, сондай-ақ, 6 жоғарылату сорғы стансасының құрылысы салынды.
Елорданың жылу энергетикалық жүйесінің әлеуетін арттырып, энергетикалық қуатын жаңа сапалық деңгейге көтеруде №3 ЖЭО-ның алатын орны ерекше. Аталмыш, энергетикалық нысан елорданы энергетикалық қуат көздеріне деген тәуелділіктен құтқарады. Бас қала энергетикалық қуаты жағынан өзін өзі толық қамтамасыз ететін ірі орталыққа айналады. Стратегиялық маңыздағы бұл жоба бойынша №3 ЖЭО-ның қуаты сағатына 860 Гкал 1 сағат жылу және 240 МВт электр энергиясын өндіруге негізделген. Бүгінгі озық технологиялық талап бойынша жабдықталып жатқан №3 ЖЭО-ның құрылысы 2016 жылдың соңында толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Онда су жылытатын 4 бірдей қазандық жұмыс істейтін болады. Осы заманауи жылу электр орталығының пайдалануға берілуіне байланысты бас қаланың энергетикалық инфрақұрылымы уақыт талабына толық жауап беретін болады. Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің бас тақырыбы «Болашақтың энергиясы» болып табылады. Ендеше, елорданың энергетиктері жаңа қуат көздерін ашу, энергия үнемдеу, балама энергетикалық қуат көздерін пайдалану мақсатындағы ізденісті жұмыстарын алдағы уақытта барынша өрістететін болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»