Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қытайдан бүгін ұшып келген қазақстандықтардың жағдайын баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бейжіңнен ұшып келген Қазақстан азаматтары – Қытайдың 36 қаласында тұрған. Олардың бәрі де стационарға жеткізіліп, сонда жатқызылды. Үш күні бойы зертханалық және медициналық тексеруден өтеді. Қазіргі уақытта олардың денсаулықтары қанағаттанарлық деңгейде. Оларды тексеру жұмыстары жалғасады. Бәрінің көңіл-күйі жаман емес. Шағымдары жоқ. Олардан коронавирус инфекциясы бойынша зертханалық анализ алынады. Үш күннен кейін тексеріс қорытындысы күдікті сейілтсе, әлбетте олар ауруханадан шығарылады», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілердің сұрағына берген жауабында.
Еске сала кетсек, Қытай астанасы Бейжіңнен бүгін Қазақстанның 217 азаматы эвакуацияланған болатын.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында осылай дей келе Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың жоқтығын мәлім еткен болатын.