02 шіл, 2020 сағат 16:20

Жаназа намазы мен Құдайы астарды өткізуде сақталуы тиіс талаптар жарияланды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа намазы мен Құдайы астарды өткізуде сақталуы тиіс талаптарды жариялады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Елімізді дүрліктірген індеттің қаупі күннен-күнге өршіп бара жатқаны өздеріңізге мәлім. Ауру айтып келмейді. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, төрткүл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлық таныту – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ», - деді ҚМДБ-дан.

Осы орайда, басқарма жаназа намазы мен Құдайы астарды өткізуде келесі талаптарды ұстануға үндейді:

– жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуы;

– жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуы;

– жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмау;

– дене қызуы немесе жөтелі бар адамның жаназа намазына мүлде қатыспауы;

– жаназа намазына келушілер міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтауы;

- коронавирустан қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу;

– жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;

– жаназа намазы барысында қол алысып амандаспау;

– жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;

– қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;

– жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдардың (ер және әйел) және жас балалардың жаназа намаздарына қатыспауы;

– қонақасын өткізбеу;

– жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелу.

Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты келесі талаптар орындалуы қажет:

– астарды өткізбеу немесе отбасы мүшелері мен жақын тумаларымен шектелу;

– бір ғана діни қызметкердің қатысуы;

– санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтау.

«Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өз-өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескертеді. Өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алла Тағаланың бізге берген аманаты.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне қатаң түрде тыйым салған.

Шариғатта қандайда жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу – әрбір мұсылман баласы үшін міндет», - дейді ҚБДМ-дан.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында 5 шілдеден бастап елімізде 14 күнге қатаң шектеу шараларын енгізу шешімі қабылданды.