Фото: Orda.kz
Жақында Қазақстан футбол құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалған Әли Әлиев Астанада алғашқы баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Ult.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол дарынды қазақстандық жастарға көбірек назар аударып, соларды алға жылжытуды көздейтінін айтты. Құрама агрессивті ойын үлгісін көрсетуді мақсат етеді.
«Біздің құрамда қарсыласына ыңғайсыздық тудыратын орта қалыптастыра алатын, жүгіріп, допты тартып алатын ойыншылар болуы керек. Жақсы нәтижеге жетуге әлеуетіміз бар. Біз көптен өз кезегін күтіп жүрген жастарды құрамға қосамыз. Олардың қарсыластар алдында психологиялық тұрғыда қалай төтеп беретініне назар аударамыз.
Біз агрессивті футболды қолдаймыз. Бұл қарсыластың ойын үлгісін бұзатын әрі өзіміздің тактикамызды қабылдауға мәжбүр ететін стиль. Қарсыластар Қазақстан құрамасы өзіндік алгоритмдері бар мықты команда екенін түсінетін болады», – деді жаңа жаттықтырушы.
Сонымен қатар, ол Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Әлем чемпионатына қатысу мүмкіндіктерін де бағалады. Қазақстанның қарсыластары айтарлықтай мықты, бірақ жаттықтырушы футболшылардың тек қолайсыз жағдайда өсе алатынын атап өтті. Әлсіз командаларды жеңудің мәні жоқ екенін айтты.