«Қазақстан» ТРК» АҚ қарасты «Республикалық радио» жауапкершілігі шектеулі серіктесті құрылды. Құрамына Қазақ радиосы, «Шалқар», «Астана», «Classic» радиолары кіретін серіктестік өз жұмысын 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастайды.
«Республикалық радио» ЖШС директоры қызметіне Қазақстан Республикасының ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Ә. Абаевтың келісімімен Досымбек Қонысбекұлы Өтеғалиев тағайындалды. 1976 ж. 7 сәуірінде туған ол Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «заңгер» мамандығын алған, журналистика магистрі.
1997 жылдан бастап БАҚ саласында қызмет етіп келеді. 1997-2011 жж. «Шахар» ТРК телерадиобағдарламалар жүргізушісі; 2000-2001 жж. «Алматы – Южная столица» ТРК жаңалықтар жүргізушісі; 2001-2004 жж. «Хабар» Агенттігінің жаңалықтар жүргізушісі, продюсер; 2005-2008 жж «31 арна» ТРК «Информбюро» шығарушы редакторы; 2008-2009 жж. «Алматы» ТРК Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар Дирекциясының Директоры; 2009 ж. бастап «Алматы» ТРК бас продюсері, 2010 ж.бастап «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС президенті қызметтерін атқарған.
Бүгін директорды ұжымға таныстыру барысында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ Басқармасының Төрағасы К.Б. Ойшыбаев радиолардың жұмысын жандандыру, рейтингті жоғарлату, бағдарламалардың сапасына назар аудару секілді тақырыптарға аса көңіл бөлуге шақырды. Досымбек Өтеғалиевтің тәжірибелі маман екенін айта келе, артылған жұмысты әділдікпен атқаратынына үлкен сенім білдірді.
«Қазақстан» ТРК» АҚ Басқармасының төрағасы К.Ойшыбаев:
- Бірінші мақсат – тыңдарман санын көбейту. Алдағы үш жыл ішінде қазақ радиосын бірінші орынға шығару қажет. Қойылған талапқа жетеміз деп сенемін. Әр радионың өз бағытын айқындау керек. Мәселен, Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының бағдарламалар желісі әр басқа болуы керек. Бағдарламалардың ерекше қызық болуын да естен шығармаған жөн. Рейтингті жоғарлатуға барлық мүмкіндік бар, соны қолданайық, - деді.
Радиолардың қызметкерлері «Республикалық радио» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына үш ай сынақ мерзімімен орналастырылады. Алдағы уақытта «Қазақстан» ТРК құрамы кеңейіп, жастарға арналған интернет телевизия ашу жоспарда бар және қазақ дәстүрін сақтау мақсатында «Алтын қор» бөлімі ашылмақ. Радиоқызметкерлер аталған бөлімдерге де орналастырылатын болады.
Өз кезегінде «Республикалық радио» ЖШС директоры Д.Өтеғалиев бір ғасырға жуық тарихы бар Қазақ радиосын, 50 жылдан астам тарихы бар «Шалқар» радиосын және өз көрермені бар «Астана» мен «Classic» радиоларының жұмыс барысын айтарлықптай өзгертпейтінін, алайда шығармашылық бағытта өз көзқарасының бар екенін жеткізді, радиолардың болашағы үшін тығыз жұмыс істеуге шақырды.
Бас директор – Қазақ радиосының директоры қызметін атқарған Махат Кәбірұлы Садық қызметін Қазақ радиосының Бас редакторы ретінде жалғастырады.
Сонымен қатар, бүгін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының ақпараттық бағдарламалар дирекциясының директоры таныстырылды. Аталған қызметті Ерлан Нұрбайұлы Атамбай атқарады. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген, «Тұран» университеті Құқықтану факультетінде «заңтану» мамандығын алған магистр.
Е.Н. Атамбай оған дейін 2013-2015 жж. «Қазақстан» ҰТА Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының директоры, Бас редакторы, «Қазақстан» РТРК Конвергенттік редакция жетекшісі қызметтерін атқарды.
Е.Н. Атамбайға дейін жаңалықтар қызметіне басшылық еткен Еркін Таңатқанұлы Мұхамеджанов аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясы эфирді талдау және мониторинг жасау бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды.
«Қазақстан» ТРК» АҚ Басқармасының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев «Қазақстан» Ұлттық арнасының жаңалықтар қызметінің жұмысы арта түсетініне сенім білдірді.
Ұлт порталы