09 жел, 2019 сағат 13:02

Жаңа жылдан бастап берілетін әлеуметтік жәрдемақылар нақтыланды

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Атаулы әлеуметтік көмек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігі» тақырыбында Үкімет сағаты өтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АӘК берудің жаңа тетіктері туралы баяндама жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2020 жылдан бастап жаңа жәрдемақы 340 мыңнан астам отбасыға тағайындалмақ.

Министрдің сөзінше, 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға жәрдемақы тағайындалғанда, отбасының табысына қарамайды. 4 балаға - 42 496 теңге; 5 балаға - 53127 теңге; 6 балаға - 63 757 теңге; 7 және одан көп балаға 74 388 теңге беріледі.

«Көпбалалы отбасыларға жеке мемлекеттік жәрдемақы енгізу көзделген. 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға, яғни 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар жанұяларға отбасының табысына қарамастан жәрдемақы төлеу көзделіп отыр. Біздің есебіміз бойынша, аталған жәрдемақыны жаңа жылдан бастап 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы алатын болады.

Жаңа талаптар бойынша егер де атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасының еңбекке жарамды мүшесі әлеуметтік шартқа қол қойып, кейін жұмыстан бас тартса, әлеуметтік көмек сол жанұяның барлық мүшесіне тоқтатылады», - деді министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Сонымен қатар жаңа жылдан бастап «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» беріле бастайды. 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасы балаларына азық-түлік және гигиена құралдары, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектептерде ыстық тамақ беріліп, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз етіледі, мектепке дейінгі жол шығындары өтеледі. Медициналық, стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.

"Біз көп ойландық. Кепілдендірілген пакет баланың мектепте оқып жүрген мерзіміне дейін тағайындалады. Сондықан егер де отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылады. Бірақ балаларына кепілдендіріген әлеуметтік пакет беріле береді", - деп нақтылады ведомство басшысы.

Нұрымбетов жұмыстан бас тартқаны үшін атаулы әлеуметтік көмекті бүкіл жанұяға тоқтату туралы жаңа норма не үшін енгізілгенін түсіндірді.

"Осы екі айда мен он бес өңірді аралап шықтым. Халықпен кездескенде бір кісілер атаулы әлеуметтік көмек сұрап жатса, енді бірі "сіздердің атаулы әлеуметтік көмектеріңіздің арқасында жұмысқа адам таппаймын" деп шағымданады. Бір жолы бір шаруа айтады: менің 150 сиырым бар, сауыншы қыз балаларды тартамын, 80-100 мың теңге төлегім келеді, сүттен 20 процентін бергің келеді. Бірақ ол кісілер жұмысқа келмейді" дейді. Себебі жұмысқа бармаса, атаулы әлеуметтік көмек өзіне ғана тоқтатылады да, отбасының қалған мүшелері, балалары ала береді", - дейді министр.

Сондықтан еңбек министрлігі масылдыққа жол бермес үшін жауапкершілікті арттыруды көздеп отыр.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің біраз тетігі өзгеріске ұшырайды:

- біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек енді тоқсан сайын, шартты және шартсыз көмек үш айға тағайындалады;

- екіншіден, АӘК мөлшері жанұяның барлық мүшесі үшін кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырмашылық ретінде белгіленеді;

- үшіншіден, жұмыстан бас тартқан жағдайда әлеуметтік көмек алу шарттары күшейтіледі. Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның жанұясының барлық мүшесі АӘК алу құқығынан айырылады.

- төртіншіден, учаскелік комиссия институты күшейтіледі. Заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін отбасының атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау критерийлерін бекіту үшін орталық атқарушы органның құзыреті көзделген. Жанұяның материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін учаскелік комиссиялардың мерзімі үш күннен жеті күнге дейін ұлғайтылды;

Қыркүйектің 2-сі күні жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмекті «азаматтарды еңбекке ынталандыратын, ашық, әділ жолмен беруді» ұсынды. Бір айдан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкіметте атаулы әлеуметтік көмектің "жаңартылған" жобасын таныстырған болатын.