Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды.
Ақорданың баспасөз қызметі 5 ақпанда таратқан ресми мәліметте кеңейтілген отырыс Қазақстанның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылап, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді айқындайтыны айтылды.
Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отырыста Үкімет жұмысына, министрлер қызметіне баға берілетінін айтқан.
Басшысы ауысқан Үкіметтің бағыты қаншалықты өзгеретіні осы жиында біршама айқындала түсуі керек. Әзірге қайта жасақталған министрлер кабинетінде төрт жаңа есім бар.
Кешегі Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектеновтің командасына қандай жаңа міндеттер жүктелетінін жалпылама айтқан еді.
Президент Үкіметтің алдында әуелі елдің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беріп, тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу сияқты міндеттер тұрғанын атап өтті.
«Ертең Үкіметтің кеңейтілген жиыны өтеді. Сол кезде жаңа құрамның алдында тұрған маңызды міндеттерге толығырақ тоқталамын», - деді Президент.
Жалпы бүгінгі отырыстың өтетіні алғаш рет Мемлекет басшысының Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында айтылған болатын.