Фото: egemen.kz
Сонымен бүгін Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Бектенов Олжас Абайұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді. Артынша Мемлекет басшысының Олжас Абайұлы Бектеновты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі етіп тағайындау жөніндегі жарлығы шықты, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Осы орайда Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз өте маңызды, тіпті шешуші кезеңге жақындап қалғанын сөз етті.
«Ең алдымен баршаңызға ризашылығымды, рақметімді айтқым келеді. Сіздер жоғары саяси және азаматтық жауапкершілікті көрсеттіңіздер. Расында еліміз өте маңызды, тіпті шешуші кезеңге жақындап қалды. Мәселен, «таяу келешекте Қазақстан қандай мемлекет болады, оның аймақтық және әлемдік қоғамдастықта атқаратын рөлі қандай болмақ?» деген аса маңызды сұрақтар тұр. Қазіргі бәсекеге толы, түрлі жанжалға ұшыраған тұрақсыз, бұлыңғыр әлемде Қазақстан күшті, болашағына сеніммен қарайтын ел болуы керек. Оның бәрін қамтамасыз ету – бәріміздің ортақ міндетіміз, парызымыз деп айтуға болады. Бұл мәселе бойынша Үкіметтің атқаратын рөлі ерекше», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент жаңа тағайындалған Премьер-Министр Олжас Абайұлы Бектеновті жаңа лауазымымен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.
Ал қызметіне жаңадан кіріскен су жаңа Премьер-Министр Олжас Бектенов халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайтынын атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуда бірқатар ауқымды тапсырма берді. Аталған тапсырмалардың барлығы мүлтіксіз орындалады. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дәуірінде зор экономикалық серпіліс жасауымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды», – деді О.Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беріледі. Атап айтқанда, мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, мащина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытпақ. Отандық өндірісті ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады. Реттелетін сатып алу аясында Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, ондықтық өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосатын болады.
«Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнімделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру – Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болатыны сөзсіз. Цифрландыру, жасанды интеллектің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту – аса маңызды міндеттер. Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді», – деді Үкімет басшысы.
Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміз Үкіметінің алдында тұрған мақсаттар туралы ойымен бөлісті.
«Қазіргі таңда ел экономикасының алдында айқын мақсаттар тұр. Бұл бағыттағы бастамаларды жүзеге асыру үшін батыл шешімдер мен нақты істер қажет екені де айтылды», – деген сенатор.
Ол осы ретте Парламент Сенаты Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындау үшін Үкіметпен әрдайым қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.