18 шіл, 2025 сағат 17:46

Жаңа Салық кодексі: Салық жүйесіне сараланған мөлшерлеме мен жеңілдіктер енгізіледі

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Құжатта корпоративтік және жеке табыс салығына қатысты жаңа өзгерістер, сараланған мөлшерлемелер мен салықтық жеңілдіктер көзделген. Кодекс ел экономикасын ынталандыруға және салық ауыртпалығын әділ бөлуге бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz.

Корпоративтік табыс салығы (КТС):

🔹 Негізгі мөлшерлеме – 20% сол күйі сақталады.
🔹 Алайда кей салалар үшін сараланған мөлшерлеме енгізіледі:

  • Банктер мен ойын бизнесі25% (бизнеске несие беретін банктерді қоспағанда);

  • Әлеуметтік сала ұйымдары – 2026 жылы 5%, 2027 жылдан бастап 10%;

  • Ауыл шаруашылығы өндірушілері3% жеңілдетілген мөлшерлеме сол күйі қалады. 

Қаржы нарығына ынталандыру:

  • Биржалық бағалы қағаздарға төленетін дивиденттер бұрынғыдай салықтан босатылады;

  • «Бәйтерек» холдингі шығарған бағалы қағаздардан түсетін кірістер 2031 жылға дейін КТС-тен босатылады.

Кен өндіру және барлау саласына қолдау:

  • Жаңа, тиімділігі төмен учаскелер пайдалы қазбаларды өндіру салығынан 5 жылға босатылады.

Жеке табыс салығы (ЖТС):

🔸 Прогрессивті жүйе енгізіледі:

  • Жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатын азаматтар – 15% салық төлейді;

  • Дивиденттері немесе табысы 230 000 АЕК-тен асатын кәсіпкерлерге де – 15% мөлшерлеме қолданылады;

  • Фермерлерге – жеңілдік ескеріле отырып, 4,5% салық салынады.

Қымбат мүлікке қосымша салық:

🔹 10% акциз мына тауарларға салынады:

  • Құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктер;

  • Құны 100 млн теңгеден асатын кемелер;

  • Құны литріне 500 000 теңгеден асатын алкоголь;

  • Бір данасы 10 000 теңгеден асатын темекі өнімдері.

🔹 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке жоғары мүлік салығы қолданылады.

Салықтық әкімшілендіру:

  • Камералдық бақылау енді ескерту сипатында болады;

  • Салық қарызын өтеу, кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу жеңілдетіледі;

  • Қарыз аз болса, есепшот бұғатталмайды, шаралар кезең-кезеңімен қабылданады.

Кодекстің толық мәтіні жақын арада ресми баспасөзде жарияланады.