01 қыр, 2020 сағат 16:51

Жаңа оқу жылы: Оқушылардың 80 пайызға жуығы қашықтан білім алуды бастады

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жаңа оқу жылындағы алғашқы сбақтар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оқушылардың, мұғалімдердің денсаулығын сақтау мақсатында оқу процесі негізінен қашықтан ұйымдастырылып отыр. Оқушылардың 80 пайызға жуығы қашықтан оқыту форматында білім алуды бастады. Жаңа оқу жылында 7 мыңнан астам мектеп жұмысқа кірісті. Таңертеңнен барлық мектепте білім күніне арналған сынып сағаттары өтті», - деді вице-министр онлайн режимде өткен брифингіде. 

Оның сөзіне қарағанда, биыл оқуды бастаған 3 миллионнан астам оқушы болса, соның ішінде 352 мыңы бірінші сыныпқа қабылданғандар. 

Министрлік мәліметінше, кезекші сыныптар жұмыстарын бастады. Бастауыш сыныптарда бір миллионнан астам оқушы бар, олардың 60 пайызы ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің өтініші бойынша кезекші сыныптарда оқуды бастады. Қашықтан оқыту форматында 2,6 млн-ға жуық оқушы білім алып жатыр.

Айта кетейік, 7 мыңнан астам мектептің шамамен 3 мыңы дәстүрлі форматта жұмыс істейді. Бұл негізінен ауылдық мектептер.