29 нау, 2022 сағат 12:27

Жаңа облыстарға бюджет қалай бөлінеді - Министр жауабы


Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өңірлерді бөлу кезінде бюджет пен мемлекеттік аппарат қалай қаралатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Министрдің айтуынша, қазір комиссия жұмыс істеп жатыр, жаңа аймақтардың шекарасы мен халық саны нақтыланғаннан кейін өңірлер бюджеті анықталады. Бұл ретте бұрыннан бар аймақтар бюджеті қысқарады, деді ол.

"Міндетті түрде қысқарады, өйткені олардың бюджеті мен штаты қайта бөлінеді. Егер ол жерде шартты түрде жұмысшылардың 30 немесе 40 пайызы жаңа өңірге, мысалы, Ұлытауға кетсе, тиісінше, бюджеттің шамамен 30-40 пайызы сол жерге кетуі керек. Яғни, қайта бөлінеді. Әрине, бар бюджетті қолдану құптарлық болар еді, бірақ қосымша бюджет қаражатын қажет етуі мүмкін", - деді Қуантыров Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беріп.

Қуантыров жаңа өңірлерге байланысты мемлекеттік аппарат штатын арттыру жоспарланбағанын айтты.

"Әрине, ол мемлекеттік қызметкерлердің штаттық саны шегінен артық болмайды. Мысалы, жаңа айтқанымдай 30-40 пайыз. Бірақ, жеткіліксіз болса, бұл мәселе ары қарай қарастырылады. Мұнда тек әкімдік қызметкерлері ғана емес, аумақтық бөлімшелері бар орталық мемлекеттік органдар да бар. Мысалы, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті сияқты. Мұндай комитеттер көп, олардың аумақтық бөлімшелері бар. Оларды да бөлу керек. Өйткені, жаңа облыстар мен аудандардың өз қазынасы, мемлекет кірісі, т.б. бар. Яғни, бұл мәселе өте күрделі", - деп қосты министр.