Қазіргі кезде төртінші мұнай өңдеуі зауытының теxникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдын ала теxникалық-экономикалық негіздемені әзірлейтін жұмыс тобы құрылды. Аталған топ екінші жартыжылдықта жаңа зауыттың орналасатын жерін, негізгі параметрлері мен қаржыландыру тетіктерін жариялайды. ҚазМұнайГаз тиісті жұмысты бастап кетті. Күздің басында біз төртінші мұнай зауытының қай жерде орналасатынын және оның нақты қанша өнім шығара алатынын айтатын боламыз", - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бүгін қоғамдық кеңестің отырысында.
Айта кетейік, бүгінгі кеңесте Қ.Бозымбаев мұнай өндіру көлеміне қатысты болжам жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 104 млн тоннаға жететін болады. Жақын арада Қазақстан ішкі нарықты отандық жанар-жағармаймен толығымен қамтамасыз ете алады.
"Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту жұмыстары аяқталады. Осылайша, мұнай өңдеудің жалпы көлемі 16 тоннаға жететін болады. Сосын мұнай өңдеу зауыттарын жыл сайын жөндеу уақыты 45 күннен 20 күнге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Енді, 45 күндік жөндеу жұмыстары үш жылда бір рет қана жасалады. Қалған уақытта 20 күндік жөндеу жүргізіледі. Бұның барлығы жөндеу жұмыстарын басқарудың автоматты жүйесі аясында атқарылады. Аталған жүйені біз ағымдағы жылда енгізетін боламыз. Ал жөндеу мерзімі қысқарғаннан кейін мұнай өңдеу көлемі артады. Сөйтіп, әрбір зауытта дайын мұнай өнімдері шамамен 30 мың тоннаға көбейеді.
Алдағы уақытта біз ішкі нарықты толығымен отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ете аламыз", - деп атап көрсетті Қ. Бозымбаев.