Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үкіметтің кезекті отырысында Бердібек Сапарбаевтың орнына еңбек министрі болып тағайындалған Біржан Нұрымбетов ант берді.
"Қазақстан халқы мен президенті алдында өз Отаным Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін", - деді министр.
Айта кетсек, президент жарлығымен 20 тамызда Біржан Нұрымбетов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.
Бұған дейін бұл министрлікті Бердібек Сапарбаев басқарған болатын. Сапарбаев үкімет басшысының орынбасары болды.