11 ақп, 2019 сағат 13:53

Жаңа әліпбиге көшу: Биыл мұғалімдерді дайындау жұмыстары басталады

Қазақ тілін латын графикасына көшіру аясында 2019 жылы тіл мамандарын оқыту жұмыстары атқарылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы директоры Ербол Тілешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің орталықтың негізгі бағыты - ғылыми сараптамалар жүргізу, сондай-ақ жаңа әліпбидің емле ережелерін халыққа таныстыру және қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету. 2018 жылы жаңа әліпбидің емле ережесі сараптаудан өтті, шілде айынан желтоқсанға дейін жүргізілді. Атап айтқанда, 6 желтоқсанда Үкіметтің жанындағы ұлттық комиссияда әліпбидің емле ережелері мақұлданды», - деді Е.Тілешов.

Оның сөзіне қарағанда, биыл енді латын графикасына көшу бағытында мұғалімдерді даярлау шаралары іске асырылады.

«2019 жылдағы негізгі жоспарға тоқталсақ, бекітілген емле ережені халыққа үйрету бағытындағы шараларды іске асырамыз. Осы бағытта қажетті мамандарды даярлауға екпін қоямыз. Соған байланысты Білім және ғылым министрлігінде биылға 9 038 адам, Мәдениет және спорт министрлігінде 2 400 адам жоспарланған. Бұл тұрғыда «Тіл-Қазына» орталығы 2 400 адамды Астанада оқытады. Еліміздегі мемлекеттік тілді оқыту орталықтарындағы ұстаздар мен әдіскерлер қамтылады. Біздің министрлік ересек адамдарды оқытуды қолға алады. Ал Білім және ғылым министрлігі мектеп, колледж, университеттерді қамтиды. Атап айтқанда, ең бастапқыда халықты оқытатын ұстаздардың құрамын дайындауымыз керек», - деді Ербол Тілешов.

Осы орайда ол 72 сағаттық оқу бағдарламасы жасалғанын атап өтті.

«Наурыз айының аяғына қарай, біз оның оқу құралын дайындауды аяқтаймыз. Оқу құралы сайтқа салынып, көп тиражбен халыққа таратылады. Сосын барлық өңірлерде семинарлар ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, орталық атқарушы органдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, кітаптарды латын қарпінде шығаратын баспа редакторлары оқытылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, яғни биыл онлайн сабақтарды дайындаймыз. Осы онлайн сабақ халыққа қолжетімді болады», - деді ол.