#
#
Жұма 18/09/2020

Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы

  • 21.11.2017
  • 0
  • 8091

Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Жаңа әліпби – ұлы дәуір бастауы» атты жиын өтіп, онда қазақ тілін латын әліпибіне көшіру мәселелері кеңінен талқыланды. 

Университет ректоры Қуат Баймырзаев өз сөзінде ағымдағы жылдың қазан айында латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі­нің соңғы жобасы ұсынылып, ел ішінде қызу талқыланғанын жеткізді. «Сол соңғы нұсқаға орай ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері ортақ мәмілеге келді. Жалпы, бұл қоғам болып қолдау тапты. Елбасымыз қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойып, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілсін деп қаулы етті. Әліпби ауыстыру жай ғана таңба ауыстыру емес. Бұл – түптеп келгенде сананы өзгертуге талпыныс, жаңаша өмір сүруге деген ұмтылыс» деді Қ.Баймырзаев. Сондай-ақ ол еліміз армандаған төл жазуымызға қол жеткізгендігімізді, жаңа әліпби – ұлы дәуір бастауына апарар сара жол болмақ екендігін де айтты.

Оқу орнының оқытушылары, студенттері бас қосқан алқалы жиын­да «Жаңа әліпби жаңа дәуір бастауы» атты ақпараттық топ мүшелері латын графикасы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиынның алғашқы сөзі Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаевқа берілді. Латын графикасына көшуге қатысты орамды ойымен бөліскен топ жетекшісі күні кеше Үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссиясының бірінші отырысы өткендігін, отырыс барысында қойылған міндеттерді жүзеге асыруда төрт арнайы жұмыс тобын құру туралы шешімнің қабылданғандығын айтты. Атап айтқанда: орфографиялық (қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін); әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізу үшін); терминжасам (латын графикасының негізінде қазақ тілінің терминологиялық базасын жүйелеу үшін); сараптамалық-техникалық (латын графикасын ІТ-технология талаптарына сәйкес келтіру үшін).

– Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік маңызды іс, ұлттық мүддеге арналған бағдарлама. Рухани жаңғыруымыздың темірқазығы болып отырған латын қарпін өмірге енгізуде халықтың қарқынды қайраты керек, – деген Айдар Карбозұлы бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келетін Елбасының тағы бір тарихи бастамаларының бірі және дер кезінде тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми шара екендігін де тілге тиек етті.

Басқосуда «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Кәсіпкер» журналының бас редакторы Гүлжиян Сүлейменова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Сағыныш Намазшамова, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Айна Рахимова сөз алып, жаңа әліпби жайында тереңнен ой қаузады.

Жиында топтың белсенді мүшелері таңба ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты және төте жолы болып табылатындығын айтты. Сондай-ақ алдыда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын, болашақты баянды етуде жасалып жатқан маңызды қадамға, ел игілігі жолындағы ортақ іске жұмыла күш салу керек деді. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны белгілі. Қоғам тарапынан бұл іске кеңінен атсалысып отырған азаматтар мен ұйымдар үн қосып, латын әліпбиі мемлекеттік тілімізді өркендетуге негіз болатынын айтуда.

А.Ұлтанбекова

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар