04 жел, 2019 сағат 17:16

Жаңа АӘК: Құжатты қысқа мерзімде өткізу міндетті ме?

Көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны ресімдеу үшін құжаттарды тапсыру мерзімі шектелмеген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министрліктің ақпаратына сәйкес, төрт және одан көп балалары бар қазақстандықтар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау үшін құжаттарды қысқа мерзімде тапсыруға ұмтылып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында дүрбелең туғызуда. Ал, бұл санаттағы отбасыларға берілетін жәрдемақыны рәсімдеу мерзімі шектелмеген.

«Қазіргі уақытта әр көпбалалы отбасы бойынша іс макеттерін алдын ала қалыптастыру процесі жүріп жатыр. Бұл, азаматтарға ыңғайлы. Яғни, олардың 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа мемлекеттік жәрдемақыны алу мүмкіндігі болуы үшін алдын ала жасалады. Құжаттарды қысқа мерзімде тапсыру қажетттігі туралы мессенджерлерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Құжаттарды қабылдау үдерісі ешқандай мерзімдермен шектелмеген», - деп атап өтті ведомстводан.

Атап өтілгендей, қазіргі уақытта арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатын көпбалалы отбасылар, яғни қаржылай көмек 2018 жылға дейін тағайындалғандар (отбасына 10 500 теңге болатын) үшін жаңа жәрдемақыға көшу ХҚО-ға жүгінбестен, жанұяда бесінші және одан да көп баланың дүниеге келуін ескере отырып, автоматты түрде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жәрдемақы бірінші рет тағайындалатын көпбалалы отбасыларға тағайындаудың белсенді форматын қарастыруда.

Еске салайық, бүгінде Парламентте 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуді көздейтін Заң жобасы қаралуда. Ол әулеттің табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.