Елбасы өзінің жолдауында: «Жастардың барлық санаттарын қолдау бойынша шаралар кешенін қамтитын әлеуметтік лифтілердің кең платформасын жасау қажет», – деген еді. Сонымен қатар келесі жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Жамбыл облысының басты шаралардың бірі – балалар өмірінің сапасын жақсарту және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Әсіресе, Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға көп көңіл бөлініп жүр.
Облыста 0-18 жас аралығындағы 419 965 бала бар. Олардың 1448-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Облыста 2015-2018 жылдар аралығында 17 отбасылық үлгідегі балалар үйі ашылыпты. Онда 67 бала бар. Ал 2 қабылдаушы отбасында 9 бала тәрбиеленіп жатыр. Биыл 1069 бала қамқорлыққа алынуға берілген.
Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамаловтың айтуынша, биыл балалар үйінен 81 бала асырап алынған.
– Оның екеуін ерлі-зайыптылар асырап алса, 30-ы патронатқа берілді, 25-і қамқорлыққа алынды. Ал жетеуі отбасы үлгісіндегі балалар үйіне барды. 17 бала туған отбасыларына берілді, – дейді Талғат Жамалов.
Өңірдегі Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері соңғы үш жылда 156 баладан 83 балаға азайған. Сол себепті аталған балалар үйі мен Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы біріктірілді. Қазір Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы болып құрылған.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған мектептер де бар. Онда 11-18 жас аралығындағы жасөспірімдер тәрбиеленеді. Қазіргі кезде мамандандырылған мектептерде 23 бала оқиды. Балалардың жеке қабілетін дамыту мақсатында білім беру мекемелерінде түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылар спорт клубтарына, «Art Studio» мен «Ритм» музыкалық студиясында қабілетін шыңдайды. Сонымен қатар жоспарға сәйкес, инклюзивті білім беру жүйесін дамыту жұмыстары жүріп жатыр.
Облыстағы балалар үйлері түлектерін бюджеттік негізде арнаулы және жоғары оқу орындарына түсіреді.
Талғат Жамаловтың айтуынша, биыл балалар үйлерін 21 түлек бітіріп шыққан. Бесеуі Алматы қаласына, он алтысы Тараз қаласындағы колледждерге оқуға түскен.
Соңғы үш жылда Мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезекте тұрған 300 балаға пәтер беріліпті. Ал 2018-2019 оқу жылында 7911 денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі баланың 6286-сы оқуға түскен.
Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі республикада «Дүниежүзілік балалар күніне» арналған «Баланың құқықтары – адам құқықтары» атты онкүндігін өткізіп жатыр. Шараға сәйкес, білім беру ұйымдары құқықтық білім күндерін, балалар мен жастар қоғамдық бірлестік басшыларының кездесулерін, қайырымдылық акцияларын, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың басшыларымен, мәслихат депутаттарымен кездесулерді ұйымдастырып жатыр. Онкүндіктің мақсаты – балаларға БҰҰ Конвенциясының негізгі ережесі негізінде өз міндеттерін заңдық талаптарды бұзбай орындауға үйрету. Бала құқықтары туралы конвенцияны 1989 жылғы 20 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған болатын.
Айта кетейік, балалардың құқығын қорғауды бақылау облыстық Білім басқармасының жұмысына кіреді.