27 ақп, 2021 сағат 08:40

Жамбыл облысында қызметтік ит 38 жастағы әйелдің сарайынан есірткі тапты

Жамбылдық полицейлер есірткі заттарының таралуына тосқауыл қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Допинг» республикалық жедел-іздестіру шаралары аясында Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданының тұрғыны - 38 жастағы әйелді ұстады. 

Тексеру барысында «Бони» атты қызметтік ит оның тұрғын үйінің аумағында орналасқан сарайдан жалпы салмағы 2 келіден асатын өсімдік тектес затты тапты. Тәркіленген заттың есірткі екені анықталып, сараптамаға жіберілді.

«Ұсталған азаматша кінәсін мойындады. Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Мұндай қылмыс жасағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады», - делінген облыстық Полиция департаменті баспасөз қызетінің хабарламасында.