03 жел, 2020 сағат 11:33

Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыратын жоба неліктен қаржыландырылмады?

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Сенат депутаттарының сауалына орай «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын ұлғайту» пилоттық жобасының неліктен қаржыландырылмағанын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық жобаны («Жамбыл облысы тұрғындарының табысын ұлғайту») іске асыру үшін (10 ауданның 25 елді мекені) жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 2,5 пайызбен 7,2 млрд теңге, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаражатын толықтыру және ауыл шаруашылығы техникасын 5 пайызбен сатып алу үшін жергілікті бюджеттен шамамен 1,3 млрд теңге бөлінді. Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша пилоттық жобаны іске асырудың аралық нәтижелері: жұмыссыздар саны 48 пайызға немесе 540-қа (1 129-дан 589-ға дейін) қысқарды, АӘК алушылар саны 32 пайызға немесе 490-ға (1 539-дан 1049-ға дейін) азайды, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар саны 35 пайызға немесе 640-қа (1 846-дан 1 206-ға дейін) кеміді, 2 238 жұмыспен қамтылғандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерлік болып қайта құрылды, 589 жаңа жұмыс орны ашылды», - деді ол. 

Үкімет басшысының атап өтуінше, осы жобаны одан әрі іске асыру мақсатында облыс әкімдігі орталық уәкілетті органдармен бірлесіп, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына бұрын бөлінген қайтарымды қаражатты қайта пайдалануға қатысты өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауда. 

«2021 жылға арналған республикалық бюджеттен 11,5 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында еліміздің экономикалық жағдайына және республикалық бюджеттің мүмкіндігіне байланысты қарастырылмады. Болашақта, еліміздің экономикалық жағдайы және республикалық бюджеттің мүмкіндігі жақсарған жағдайда пилоттық жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі бірінші кезекте қаралатын болады», - деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар ол 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шығыстары аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға 2021 жылға жалпы сомасы 20 млрд теңге, оның ішінде Жамбыл облысына 2,5 млрд теңге көзделгенін атап өтеді. 

«Бұл қаражат «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға кредиттер/микрокредиттер беруге бағытталған ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыруға арналған. Ауыл шаруашылығын дамыту және еліміздің тұрғындарының табысын ұлғайту мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің басым бағыттарының бірі болып табылады және тұрақты бақылауда», - деді Асқар Мамин.