20 қыр, 2016 сағат 13:17

Жамбыл ауданының жарқын жетістіктері

_dsc2482

Тараз қаласын айнала қоршай орналасқан Жамбыл ауданы – климаты жұмсақ, сулы да нулы өңір. Табиғаты мен жер жағдайы өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын өрістетуге өте ыңғайлы. Осыған орай бәрінен бұрын ауданда қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасып отырғаны қуантады.

 Барлық сала жетістіктері аудан ажарын аша түссе, соның ішінде өнеркәсіп саласы өңір шырайын келтіріп отыр. Биылғы жылдың 7 айында 4 млрд  253,7 млн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 24,9 пайызға артық. Өнеркәсіптің қарқынды дамуына «Амангелді газ өңдеу зауыты», «Кнауф Гипс Тараз», «БиномСтройДеталь», «Су­перфарм» жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктері айтулы үлес қосты. Аталған кәсіпорындарда жұмыс­шы­лар­­­ды қысқартуға жол берілмеді, олар­дың еңбекақы мен салықтар бойынша қарыздары жоқ.

Ауданда индустриялық-иннова­циялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын екі жобаның құрылысы жалғасуда. Атап айтқанда, жобалық құны 2 млрд 450 млн теңге тұратын, тәулігіне 40 тонна ет өнімдерін шығаратын «Оң­түстік Халал тағамдары» ЖШС жуырда алғашқы өнімін шетелге шығаруға дайын болса, құны 2 млрд 550 млн теңге, өндіріс қуаты бір мезетте 316 мың тауық және 84 мың балапан өсіріп, жылына 90 млн жұмыртқа шы­ғаратын және 280 тонна құс етін өндіретін «Аса-DAMU» ЖШС-нің құс фабрикасының құрылысы аяқталып келеді. Таяу уақытта бұл екі нысанның біріншісінде – 153, екіншісінде 95 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Биыл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының индустрияландыру картасына «КазУпакТрейд» ЖШС-нің гипс зауытын салу жобасын енгізу жұмыстары атқарылуда. Жобалық құны 1 млрд 725 млн теңге тұратын бұл кәсіпорын жылына 180 мың тонна құрылыс гипсін және 100 мың текше метр гипсокартон өндірмек. Зауыт іске қосылғанда жаңадан 70 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұған қоса, «Жасыл экономи­каны дамыту» тұжырымдамасы шең­­берін­де «Көгенхан» ЖШС-нің 100 МВт-тық күн электр стансасы құрылысын салу көзделіп, инвестор тарапынан электр энергиясын өндіруге квота алынған. Жобалық-сметалық құ­жаттары әзірленіп жатқан станса құрылысы өндірілетін электр қуатына тұтыну тарифі бекітілген уақытта басталып, алдағы жылдың мамыр айында аяқталмақ. Сол кезде жұ­мысқа 70 адам тартылатын болады.

Ырзығын мал мен жерден айырған мал өсірушілер мен диқандар биыл өнім молшылығын жасап, мерейі өсіп отыр. Күздік бидай, жаздық арпа, көпжылдық шөптен жиналған өнім көңіл нұрландырады. Ендігі кезекте дәндік жүгері, майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс, бақ­ша дақылдарының жиын-терініне тыңғылықты дайындық жүргізілуде. Сонымен қатар аудандағы көкөніс өсірілетін 290 жылыжай жыл он екі ай өнімдерін сатуға шығарады. Былтырдан бері 200 гектар жерге отырғызылған интенсивті алма бақтарының да жеміс берер күні алыс емес.

2015 жылы ауданда барлығы 517,89 гектар егістікке су үнемдеу технологиясы енгізілсе, биыл бұл көлем 206 гектарға ұлғайды. Соңғы үш жыл ішінде 4411,23 гектар алқап мемлекеттік жер қорына алынып, қайта айналымға қо­сылды. Аудан егіншілері тозығы жеткен техникаларды жаңамен ауыстыруға ден қойған. Биыл лизингтік жүйе ар­қылы 79,9 млн теңгеге 6 шаруашылық 9 техника, өз қаражаттары есебінен 45,3 млн теңгеге 4 шаруашылық 11 техника сатып алды.

«Мал баққанға бітеді» деген сөздің мәнін халқымыз әлдеқашан ұққан. Өңірде мал басының қалыпты өсу үрдісі байқалады. Бұған агроқұрылымдардың қызметін алға бастыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың қосқан үлесі шексіз. Мемлекет тарапынан жа­салған қолдаулар ауданның ауыл шаруашылығына дем беріп жатыр деп сеніммен айтуға болады. Мал шаруашылығында биыл 5 млрд 234,4 млн теңгенің өнімі өндіріліп, ет пен сүт, жұмыртқа көлемі былтырғымен салыстырғанда біршама артты. «Ал­тын асық», «Сыбаға», «Құлан», «Ырыс», «Жайылымды суландыру» бағ­­­дарламалары негізінде тиянағын тапқан тірліктер, мал бордақылау алаң­дарының көбеюі азық-түлік қауіпсіздігіне үлес болып қосылуда. Сондай-ақ эпизоотияға қарсы атқа­рылған іс-шаралар оң нәти­жесін беріп отыр.

Бүгінде уақыт талабына сай кәсіп­керлік сала кең өріс алып келеді. Ауданда тіркелген 4 626 кәсіпкерлік нысанында 6 761 адам жұмыспен қамтылып, олар 7 айда 8 млрд 206,1 млн теңгенің өнімін шығарды. Бұл ретте кәсіпкерліктің қанат жаюына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шапағаты аз тиіп отырған жоқ. Бағдарлама шеңберінде 12 жоба іске асырылуда. Несие алған­дар кәсіптерін кеңейтіп, шаруасын шалқытуға үлкен мүмкіндік алды.

Аумақта құрылыс қарқыны да жаман емес. Жалпы көлемі 1291,3 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін бюджет қаражаты есебінен елді мекендерде жаңадан салынып жатқан тұрғын үй алқаптарының инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылымын дамыту, ауыз су құбырын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру міндеті қойылған. Биыл 29 елді мекеннің егжей-тегжейлі жоспарлары әзірленді, жалпы алаңы 19318 шаршы метрді құрайтын 128 жекеменшік тұрғын үй қабылданды. Ағымдағы жылдың 7 айында негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 11 млрд 558,6 млн теңгені, жан басына шаққанда 144,5 мың теңгені құрады.

Экономиканың күретамыры болып табылатын автомобиль жолдары – тұрақты бақылауда. 2016 жылы автожолдарды ұстауға және жөндеуге 300,4 млн теңге бөлініп, аудандық маңызы бар 4 жолдың жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен бірге, 10 ауылдың 24 көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 22,5 млн теңгеге 7 ауылдың 9 көшесі, жергілікті өзін өзі басқару органдарына бөлінген трансферттер есебінен 4,4 млн теңгеге 1 ауылдың 2 көшесі жөнделді.

Қолдан келген барлық игілік халық­тың сапалы өмір сүруі үшін жасалып жатыр. Бұл тұрғыда ауданда халықты жұмыспен қамту мәселесінің байыппен шешіліп жатқаны көңіл қуантады. «Жұмыспен қамтудың  жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жалпы 522,6 млн теңге қаржы бөлініп, нақты 164 азамат жұмыспен қамтылды. Та­ра­тып айтқанда, бағдарламаның бірінші бағыты арқылы білім беру және мәдениет мекемелерін жөндеуге 69 адам жұмысқа тартылса, екінші бағыты шеңберінде 40 азаматқа кәсіпкерлік негіздерін оқыту үшін республикалық бюджеттен 1,8 млн теңге, өз кәсібін ашу немесе дамыту үшін 40 адамға шағын несие беру мақсатында 117,3 млн теңге бөлінді. Үшінші бағыт бойынша 29 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып, 26 жұмыссыз азаматқа «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 15 адамға қайта даярлау және 5 адамға біліктілігін арттыру курстарына жолдама берілді.

Халықты әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру шараларына келсек, 2016 жылдың 1 тамызына 441 жұмыссыз аудандық жұмыспен қамту бөліміне ресми тіркеуге алынды. Жыл басынан бері 972 адам, оның 451-і тұрақты жұмысқа, 77 адам мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша, 173 адам жастар практикасымен, 78 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 143 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. 30 адам кәсіптік оқуға жолданып, 20 адамға шағын несие берілді. Бұған қоса, жұмыспен қамту орталығының ықпал етуімен мүмкіндігі шектеулі 23 азамат жұмыспен қамтылды.

Денсаулық сақтау саласында да нәтижелі жұмыстар бар. Халыққа қыз­мет көрсететін медициналық 41 мекеме дәрігерлермен және орта буын қызметкерлерімен, жедел жәрдем көрсету бригадаларымен қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері ана өлімі тіркелген жоқ. Туберкулезбен, қант диабетімен, қан қысымымен, қатерлі ісік ауруларымен науқастанғандар, жүйкесі сыр бергендер, наркологиялық тәуелділікке душар болғандар саны едәуір кеміді.

Ауданда білім саласына жете көңіл бөлінген. 2016 жылға білім бөлімінің бюджеті 5 млрд 317,2 млн теңгені құраса, оның ішінде білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 46,2 млн теңге қаралды. Білім беру нысандарын жөндеуге 302,9 млн теңге қаралып, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 4 мектепті күрделі жөндеуге 263,4 млн теңге жұмсалды.

Мектепке дейінгі білім беретін 18 балабақшада және 18 мектеп базасындағы шағын орталықта 3 271 бүлдіршін тәр­биеленуде. Ауданда 1 мен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 54 пайызды құрады. Мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту мақсатында жекеменшік балабақшалар ашу мәселесі қамқор қолға алынған. Бүгінгі таңда аумақта мұндай сипаттағы 2 нысан бар. Атап айтқанда, Жалпақтөбе ауылында 20 орындық «Сұлтан» балабақшасы және Пригородное ауылында 280 орындық «Нұр Әлім» балабақшасы бүлдіршіндерге есік ашты.

Мәдениет және спорт саласында да өркенді өзгерістер бар. Танымды да тағылымды іс-шаралар, жалаулы жарыстар үзіліссіз ұйымдастырылып тұрады. Аудан халқына 19 клуб пен мәдениет үйлері, жылжымалы «Зерде» бейнемобилі, 137 спорт нысаны, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері, «Геккон» спорттық-туристік клубы қыз­мет көрсетеді.

Елбасының болашақтың бағдар­шамына айналған жыл сайынғы Жол­даулары ауқымды істерге тың серпін беріп, халық үшін жасалған игіліктер кең қанат жайды. Оң өзгеріс­терді жергілікті халық шындап сезініп отыр. Ендеше, мақсаты айқын елдің қашанда келешегі жарқын. Алға қойған мақсаттарға жету үшін бірлігіміз бен берекемізді сақтап, қабырғалы істер атқаруға жұмыла кіріс­кеніміз жөн деп санаймын.

Мәден МҰСАЕВ,

Жамбыл ауданының әкімі

Жамбыл облысы