30 қыр, 2021 сағат 14:35

Жалпыға бірдей декларация: Мемлекеттік қызметшілердің қанша дүние-мүлкі тіркелді


Жалпыға бірдей декларация тапсырған 440 мемлекеттік қызметшінің шетелдік банктерде есепшоттары бар. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары өздерінің жеке активтері мен міндеттемелерін бірінші болып декларациялайды. Осылайша, жыл басынан бері декларацияны 497 мың адам тапсырған.

«Декларацияны ұсынған 497 мың жеке тұлғаның 440-ында 58 елдің банктерінде есепшоттары бар. Ақшаның жалпы сомасы 691 млрд теңгені құрайды. Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында, Швейцарияда банктік шоттардың ең көп саны ашылған. 494 жеке тұлға Қазақстан Республикасынан тыс 26 елде 666 жылжымайтын мүлік объектісін декларациялады, оның ішінде 436 нысан Ресейде, 44 Біріккен Араб Әмірліктері, 38 Түркияда және т. б. тіркелген», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен бірге 1030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1198 көлік құралын, оның ішінде 292 Ресейде, 235 Арменияда, 221 Жапонияда, 162 Германияда және т. б. декларациялаған. 

«47 жеке тұлғаның біздің елден тыс 57 заңды тұлғада қатысу үлесі бар, бұл Ресейде, Кипрде, Араб Әмірлігі және т. б. Ал 1585 жеке тұлға 11 елде 1603 жылжымайтын мүлік объектісінің құрылысына қатысу үлесінің бар екенін көрсетті, оның ішінде Қазақстанда – 1568. 

116 адам инвестициялық алтынды жариялады, 918 адам 25 елде бағалы қағаздары барын жариялады, 608 адамның 635 инвестициялық пай қорларында пайлары бар, 212 адамның 218 зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бар және 355 адамның дебиторлық берешегі, 578 адамның кредиторлық берешегі бар», - деді Ж. Іңкәрбаев. 

Спикердің айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына сәйкес, жеке тұлғалардың декларацияларын ұсыну жөніндегі міндет жүктелген тұлғалар, активтері мен міндеттемелері туралы декларацияға қосымшаларда мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы мәліметтер де көрсетіледі. Декларацияда көрсетілгендей, 1 704 жеке тұлға 2 327 нысанды сенімді басқаруға берген. 

Айта кетейік, жалпыға бірдей декларациялау ережелерін түсіндіру үшін 1414 платформасында бірыңғай республикалық нөмір мен салық және кеден мәселелері жөніндегі байланыс орталығы іске қосылған. Одан бөлек, жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға қатысты толық ақпаратты ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Kgd.gov.kz ресми сайтының «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен алуға болады. Әлеуметтік желілерде: Telegram каналы, Instagram аккаунты, Facebook парқашаларында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Апта сайын сәрсенбі күндері Мемлекеттік кірістер департаменттері Zoom арқылы «сұрақ-жауап» өтеді.