22 қар, 2021 сағат 11:41

Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген 91 көлік анықталды



Елімізде «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасы аяқталды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен аптаның соңында ІІМ өткізетін «Қауіпсіз жол« алдын алу іс-шарасы аяқталды. 10 күн ішінде жол қозғалысын қадағалау кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 122,5 мың жағдайы тіркелді. Оның ішінде көлікті мас күйінде басқарудың 953 фактісі, жүргізуші куәлігі жоқ 2 643 жүргізуші анықталды. Полиция жылдамдықты асырғаны үшін 7 807, қарсы жолаққа шыққаны үшін - 398, авариялық жағдай туғызғаны үшін - 1 647 және бағдаршамның тыйым салатын белгісіне жүріп өткені үшін 2 145 адамды жауапқа тартты», - деді ол ҚР ІІМ баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, 6 908 жүргізуші көлікті техникалық тексерусіз басқарса, 91 автомобильде жалған нөмірлер анықталған. Жол ережесін бұзған 21 мыңға жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылған.

«Қоғамдық жолаушылар көлігі жүргізушілері жіберген 1 464 бұзушылық, оның ішінде 1567 заңсыз қайта жабдықтау фактісі және 198 көліктің рейс алдындағы техникалық тексеруден өтпегені анықталды. Автожолдардың 10,5 мың шақырымнан астам авариялық-қауіпті учаскелері тексерілді, 1306 жол белгілері қойылды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.