16 там, 2018 сағат 10:30

Жақып Асанов. Судья ретінде де, тұлға ретінде де арымыз таза болуы тиіс

Құрметті әріптестер, судьялар!

Бұл сіздерге төртінші хатым. Ол біздің жауапкершілігіміз жайлы. Кәсіби және жеке.

Бірінші. Әрбірімізді тағайындаған немесе судьялыққа ұсынған Елбасы. Бізге мемлекет атынан сот төрелігін іске асыруды сеніп тапсырды. Сондықтан Президент алдында да, қоғам алдында да, әрбір азамат алдында да кәсіби жауапкершілік арқалаймыз. Халықтың сапалы сот төрелігіне сұранысын қанағаттандыру – біздің күн сайынғы міндетіміз.

Жақындарымыз бен туыстарымыз алдында да жеке жауаптымыз. Судья ретінде де, тұлға ретінде де олардың алдында арымыз таза, беделіміз кіршіксіз болуы тиіс.

Сондықтан сіздерге өтініш – кеңесу бөлмесінде қалып, сот шешімін шығарғанда тым болмаса бір рет іштей қайталаңыз:

«Мен заңды және ар-ожданды басшылыққа аламын».

Екінші. БАҚ-та, әлеуметтік желілерде біз туралы, мен туралы әртүрлі әңгімелер бар. Шешімдерімен құқықты қалпына келтірген, әділ ақтаған судьялар жайлы да жақсы пікірлер көп.

Сын да бар, негатив те бар. Тіпті, мен реформатормын ба әлде ұраншыл, сөзінен ісі аспайтын демагогпін бе деген сұрау жүргізілген екен.

Мұның барлығына түсіністікпен қараймын. Мұны мен дұрыс жаққа бағыт сілтейтін, қолға алған шараларымыздың дұрысбұрыстығын көрсететін компас ретінде қабылдаймын.

Рас, кейде «диванды блогерлер» жағдайды ушықтырып жібереді. Бірақ, мәселе олар жайлы емес. Мәселе соттың заңсыз шешімдерінен зардап шеккен; жеке қабылдауыма кіре алмай жүрген; жекелеген судьялар мен жалпы жүйеміздің кемшіліктерін ашып көрсетіп жүргендер жайлы. Сот саласына жаны ашып, шырылдап жүргендер туралы. Мұның бәрі біздің жұмысымызға берілген шынайы баға.

Біз арқылы миллиондаған адамдар мен бизнестің тағдыры өтеді. Өткен жарты жылда аудандық, қалалық судьялар 1,8 млн. 800 мың іс пен материалды шешкен. Жұмыс күндеріне бөлсек, әрбір күн судьялар нақты қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер мен материалдар бойынша 13,5 мың шешім қабылдады деген сөз. Әрбір судья орта есеппен 7 қорытынды шешім қабылдайды.

Жоғарғы Сотта 8 182 шешім қабылданған. Күніне – 67 деген сөз. Бұл күрделі, көпэпизодты істер.

Рас, сіздерге түсетін салмақ анағұрлым. Әсіресе, Алматыда, Астанада, басқа ірі қалаларда. Бір судьяға айына 300-ге дейін іс. Сіздердің қандай ауыр режимде жұмыс істеуге тура келетінін қорытынды кеңесте айттым. Қызмет бабына орай әрдайым даудамайдың ортасында жүреміз. Сол себептен судьяларды сот төрелігіне қатысты емес артық, қажетсіз жұмыстан босату үшін түзетулер әзірлеп жатырмыз.

Әріптестер, күн сайын жүздеген шағым аламын. Көбісі жеке қабылдауды сұрайды. Адам Жоғарғы Сот Төрағасына баруға мәжбүр бола ма, жоқ па, ол сіздерге байланысты. Жергілікті жерде жұмыстарыңыз сапалы болған сайын халықты да Астанадан әділдік іздеуге мәжбүр етпейміз, оларды әуреге салмаймыз.

Өкпесі барлар әділетсіз деп санайтын судьяларды жұмыстан босатуды сұрайды. Әрине, барлығы заңгер емес. Көбісі құқықтық процедуралардың қыр-сырын біле бермейді. Сот жүйесі бірінші басшысы кез-келген қызметкерді жазалап, жұмыстан босата алатын басқа мемлекеттік органдарға ұқсамайды. Бізде олай емес. Әрбір судья шешімді өзі қабылдайды. Басқа судья, не жергілікті соттың төрағасы, не Жоғарғы Соттың Төрағасы араласуға, оған нұсқау беруге құқы жоқ.

Сот төрелігін іске асырған кезінде әрбір судья тәуелсіз, тек заң мен ішкі нанымға, ар-ожданға бағынады. Ешкім де судьяны жайдан-жай жұмыстан босата алмайды. Бұл күрделі, бірнеше сатылы процедура.

Өздеріңіз білесіздер, судья үстінен шағым түскенде тексеру жасалады. Егер заңсыздық расталса, судьяның қызмет орнына орай облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының төралқасы тәртіптік өндіріс қозғап, материалдарды Жоғарғы Соттың Сот жюриіне жолдайды.

Судьяның кінәсі дәлелденсе, оған ескерту, сөгіс жарияланады немесе қызметінен босату жайлы ұсыныс жасалады. Мұндай ұсыныс бөлек мемлекеттік орган болып табылатын және Жоғарғы Соттан дербес Жоғары Сот Кеңесіне жолданады.

Этикаға қатысты заңсыздықты Этика жөніндегі комиссия қарайды. Содан соң жоғарыда аталған процедуралар басталады.

Сот шешімін қабылдағаннан кейін бір жыл өтсе, онда судья жазаға тартылмайды. Ал, шешімнің заңсыз екенін біз көбінесе іс барлық сатылардан өткеннен кейін ғана біліп жатамыз.

Заңсыздықтар бойынша судья Жоғары Сот Кеңесіне, ал этиканы бұзу бойынша Судьялар одағына шағым келтіруге құқылы. Бұл да бөлек процедура.

Басқаша айтқанда, судьяны жауапқа тарту үшін белгіленген тәртіп пен шектеулер бар. Жоғарғы Сот Төрағасы өз қалауы бойынша судьяны жазалай да, жұмыстан босата да алмайды.

Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан тәртіп. Сот төрелігінің принципі. Барлық дамыған елдерде осылай. Біздің Конституция мен заңдарда да солай. Бұл мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардан, сот органдарының басшыларынан, соның ішінде Жоғарғы Сот Төрағасынан, тәуелсіз болу үшін кепілдік.

Иә, жазалау механизмі ұзақ әрі күрделі. Бұл бізге жақсы қорған. Бірақ, мұндай процедура адал, сауатты судьялары көп, заңды белден басатын судьялары аз сот жүйесіне арналған.
Бізде, өкінішке орай, судьялыққа үміткерлерді іріктеу жүйесі өзін ақтамай отыр. Соның кесірінен бізге жеке қасиеттері жағынан да, кәсіби қабілеттері жағынан да «кездейсоқ» кадрлар еніп кеткен. Сондықтан қателер де көп, жемқорлық та бар. Өткен жылы халықаралық сарапшылар айтқандай, соттарымызда командалық-әкімшілік әдіс те қолданылады.

Судья шын мәнінде тәуелсіз болсын десек, мұның барлығынан арылуымыз керек. Ол үшін біртіндеп заңдарымызды жетілдіріп, әрбір судьяның жеке жауапкершілігін арттырамыз.

Өткен 8 айда бірде-бір судьяны қабылдаған жоқпыз. Ал, вакансия көп – 10%. Лайықтылар жоқ емес. Бар. Бірақ, оларды дұрыс іріктеу керек. ВСС-пен бірге оны түбегейлі өзгертіп жатырмыз.

Үшінші, ең маңызды нәрсе. 13 шілдедегі жартыжылдық кеңесте барлық сот сатыларынан өткен нақты істер мен өрескел заңсыздыққа жол берген судьяларды атағанымда әлеуметтік желілер шулап кетті.

Бұл сот актілері «қисық» шығарылған. Ешкім ештеңе түсінбесін деп, шешімнің тілін барынша күрделендіріп тастаған.

Бұдан шығаратын қорытынды екеу. Судья не сауатсыз, яғни заңдар мен сот төрелігінің принциптерін білмейді, не ол біреудің мүддесін қорғаштайды.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Бізде де солай. Судьяның бір «солақай» шешімі бүкіл жүйемізге сын туғызып, жұмысын таза, сауатты жасап жүрген басқа судьялардың жұмысына зиянын тигізеді.

Тіпті, заңдарды өзгертсек те ондай судьялардың тәртібін тез өзгерту екіталай. «Қолмен басқару» режиміне көшіп, олардың санасын, ой-өрісін өзгертпесек болмайды.

Сондықтан екі нәрсе:

а) Қорытынды кеңесте аты аталған судьялар бойынша Сот жюриі тиісті тәртіппен олардың жауапкершілігін қарауда;

б) Алдағы уақытта да осындай істер мен фактілерді онлайнрежимде көпшілік талқыға шығарамыз. Қыркүйек айынан бастап заңды аяққа таптаған әрбір судьяның атын атаймыз.
Бұл мәжбүрлі шара. Мұндай қадамға бару маған да оңай емес. Бірақ, мұның бәрі – сот төрелігінің мүддесі үшін. Мұндай қажеттілік кейін жойылатынына сенімдімін. Сол сәт неғұрлым тезірек келсе, одан ұтатын, ең алдымен, өзіміз.

Жақып Асанов

Астана, 13 тамыз 2018 жыл

P.S. Қалыптасқан дәстүрден ауытқып, сіздерге кітап емес, 2 фильмді көруді ұсынамын:
- «The Great Debators» - «Үлкен даушылар»;
- Виктор Гюгоның «Шеттетілгендер» романының экранизациясы.
Бұл туындылардағы адам құқығы, сот төрелігінің негіздері, шешендік өнердің қажеттілігі жайлы терең идеяларға біз жиі оралып тұрғанымыз жөн.