25 нау, 2021 сағат 09:41

Францияда пышақталған әзербайжан блогеріне қоқан-лоқы жасалды

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF) Франция билігін қуғында жүрген әзербайжан блогері Мұхаммед Мирзалидің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Осы айдың ортасында Францияда Мирзалиді біреулер пышақтап кеткен, артынша оның телефонына қоқан-лоқы хабарламалар түскен. 

2016 жылдан бері Францияда тұратын Мирзали Мұхаммедті 14 наурызда Нант қаласында бір топ адам ұрып-соғып, 16 рет пышақ сұққан. 24 наурызда жариялаған мәлімдемесінде құқық қорғау ұйымы мұны оппозициялық блогердің үнін өшіру амалы деп атаған. 

Мирзали соның салдарынан "алты сағаттан астам уақытқа созылған" операцияны бастан кешіруге мәжбүр болды деді ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлімінің жетекшісі Жанна Кавелье мәлімдемеде. Автор Әзербайжан билігінің пікір айту құқығын пайдаланып, көзқарасын ашық айтқандарды қудалайтынын сынаған. 

Француз полициясы тергеу амалдарының барысын хабарламады. RSF-ның айтуынша, 21 наурызда блогер "бұл соңғы ескерту" деген жазуы бар хабарлама алған. Ол әзербайжан тілінде жазылған. Онда блогерге егер "әпке-қарындастарды" қорлауын тоқтатпаса, "снайпермен басынан атып өлтіретіні ескертілген".