Облыс әкімдігінде өткен тоғыз айдың қорытындыларына арналған алқалы жиынға барлық деңгейдегі әкімдер, мемлекеттік органдардың басшылары, шағын және орта бизнес өкілдері, ірі компаниялардың жетекшілері қатысты. Онда экономиканың егіз саласы – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының даму бағыттары және өзекті мәселелері талқыланып, әңгіме өзегіне айналды.
Жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысушылар назарын әлі де болса негізгі салалардың көрсеткіштері төмен екендігіне, мүмкіндіктер мен резервтердің тиімді пайдаланылмай отырғанына, экономикалық талдаудың, бақылау мен тиімділікті есептеудің жетіспейтіндігіне аударды.
Өңірдің өнеркәсіп саласындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов есепті мерзім ішінде өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 844,2 миллиард теңгені құрағанын, өнім көлемі индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 97,5 пайыз болғанын жеткізді. Аталған көрсеткіштердің төмендеуі Шалқар, Мұғалжар, Темір, Байғанин және Хромтау аудандарында орын алып отырғанын атап өтті. Нақты айтқанда, мұнай, металл рудаларын өндіруде, тау-кен өнеркәсібінің басқа да салаларында, тау-кен өндірісі өнеркәсібі саласына техникалық қызмет көрсету бағытында бұрынғымен салыстырғанда баяулық байқалуда. Өңдеуші өнеркәсіпте 245,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.
Үстіміздегі жылы өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгеге 4 жобаны игеру қолға алынды. Осы орайда, үш жүзден астам жұмыс орындары құрылды. «Сайлан Ақтөбе» ЖШС «Хромикс» пигментті-толтырғыш пен магнезиалды ұнтақтың 6 мың тоннасын шығару мүмкіндігіне ие цех жобасын қолға алды. «Технодом СТ-КZ» ЖШС тіркеме техникасын шығаратын зауытты кеңейтуде. Бұл жобаның құны 600 миллион теңге құрайды. «ҚазИнРусстрейдинг» ЖШС-нің аз тонналы мұнай өңдеуші зауыты мен неміс технологиясы бойынша жұмыс істейтін үй құрылысы комбинаты өңір өнеркәсібін дамытуға серпін береді деп күтілуде.
Шағын және орта бизнес дамытылуда. Бұл салада еңбек ететіндер саны 51 мың бірлікті құрайды, ал бөлшек тауар айналымы көлемі 215,7 миллиард теңгеге жетті.
Облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі қазіргі уақытта 4,9 пайызды құрап отыр. 21672 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджет қаржысы есебінен 7604 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алқалы жиынды қорытындылай келе, өнеркәсіп саласында есептіліктің төмендігін, сондай-ақ, индустриялық аймақтың мүмкіндігі тиімді пайдаланылмай отырғанын сынға алды. Қол қойылған меморандумдарды ілгері апаруға бақылау жетіспейтіндігіне, шағын және орта бизнес нысандарында ашықтықтың қамтамасыз етілмейтініне, салықтан жалтарушылық кездесіп қалатынына, инвестиция тарту көздерін табудың көңілдегідей болмай отырғанына назар аударды.
Ол ауыл шаруашылығы саласында малдың өсуі оған бөлінген мемлекеттік қолдау қаржыларынан анағұрлым кейін қалып отырғаны саладағы алға басушылықты тежеп отырғанын атап өтті. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс» мемлекеттік бағдарламаларының мүмкіндіктерін әлі де болса жеткілікті түрде пайдалана алмай отырғанына қынжылыс білдірді. Сүдігер жырту және күзгі дақылдарды егуде баяулық бар екенін де жасырмады.
Алыстағы ауылдарға бағдарламаның мән-мағынасы жеткізіле бермейді, түсіндіру жұмыстары нашар, деген Бердібек Мәшбекұлы аудандарда өңдеу кәсіпорындарының жұмыс істемейтіндігін де сынға алды.
Өңір басшысының талап пен тәртіпті бірінші кезекке қоюы босаңсып кеткендерді ширақ қимылдап, ізденіспен жұмыс істеуге ықпал етеді деген үмітпен тарасты жұрт.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы