Қазақстанда ресми тіркелген 607 жағажай бар. Оның тек 107-сі ғана коммуналдық меншікте, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, елімізде 50 мыңнан астам суға шомылып, балық аулайтын аумақ бар. Солардың негізінде 607 ресми жағажай жасақталған.
«607 ресми жағажайдың тек 107-сі ғана коммуналдық меншікте. Қалғаны - жеке меншіктің иелігінде. Ал төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары 607 жағажайдың тек 27-сін ғана бақылайды. 113 стихиялы жағажайда 53 құтқару посттары орнатылды. Оның әрқайсысында 2-3 құтқарушы, бір қайық бар. Жыл басынан бері 880 құтқару жасақшыларын тегін дайындадық. Солардан жеке меншіктегі жағажайлар аумағында 335 құтқару жасағы құрылды», - дейді комитет төрағасы.
Осыған қарамастан суға кеткендер саны былтырғыдан асып түскен. Владимир Беккер шомылу маусымы басталғалы бері 154 адамның ажалы судан болғанын айтады.
«Шомылу маусымы басталған күннен бері 154 адам суға кетті. Оның 58-і бала. 2018 жылы бұл кезеңде 148 адам суға кеткен болатын. Биыл суға кеткен 14 бала ата-аанасының қарауынсыз қалған. Соның салдарынан олардың ажалы арық пен елеусіз көлшіктен келген. Мені бәрінен бұрын осы алаңдатады», - деді ол.
Айта кетсек, Владимир Беккер арнайы брифингте өткен сенбі мен жексенбіде 22 адамның суған кеткенін айтқан болатын. Сондай-ақ, еліміздің төрт облысында орман өртінің жоғары класы туындап тұр.