20 қыр, 2016 сағат 12:10

Зейнеткерлік ұзақ жасауға кедергі ме?

Адамдардың орташа өмір жасы тұрақты өсіп келеді. Әлемде халықтың қартаю процесі қарқын алуда. Оған туу көрсеткішінің төмендеуі мен еңбекке жарамды халық санының қысқаруын қоссақ, бұл демографиялық үрдістің экономикаға келтіретін залалы анық байқалады.

Кәрі құрлық қартайған үстіне қартайып жатыр

Көптеген халықаралық ұйымдар, ғалымдар мен білікті сарапшылар «Егде адамдар саны ұлғайғаны экономикаға, денсаулық сақтауға және зейнетақы жүйесіне қалай әсер етеді?» деген сұраққа жауап іздеп жатыр. Ал әзірге дамыған елдерде өкіметтің егде жастағы азаматтар алдындағы міндеті күннен-күнге артып келеді. Бұл үрдісті әлемдік БАҚ өкілдері «сағат механизмі арқылы іске қосылатын бомба» деп те атайды.

Былтыр Еурокомиссия 2060 жылға дейінгі негізгі демографиялық үрдістерге болжам жасаған болатын. Оған сәйкес, алдағы жарты ғасырда Еуропада туу көрсеткіші төмендейді, зейнеткерлер саны артып, адамдардың өмір жасы ұзарады. Осылайша, Кәрі құрлық тұрғындарының өмір жасы бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жеткелі тұр. Ерлер арасында өмір жасының ұзақтығы 77-ден 84-ке жетсе, әйелдер арасында 83-тен 89 жасқа дейін өседі деп болжануда. Сонымен қатар, еңбекке жарамды халық үлесі едәуір төмендеп, зейнеткерлер саны алдағы онжылдықта тек өсетін көрінеді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жақында берген есебінде: «Соғыстан кейінгі ұрпақ, яғни 1945 пен 1964 жылдар аралығында туған азаматтар толығымен зейнетке шыққанда, оларды кедейлікке ұшыратпау  өткір проблемаға айналады. Зейнеткерлерге қосымша табыс көздерін іздеуге тура келеді», деген болатын.

Бүгінде бұл мәселенің шешу жолдарын іздеп, түрлі зерттеулер жүргізіп жүрген халықаралық деңгейдегі сарапшылар аз емес. Ал қарапайым халық ішінде, әрбірден кейін, аталған мәселеге тікелей қатысы бар сол зейнет жасындағылардың пікірі қандай? Бұл орайда біз зейнет жасына жетсе де, кәрілікке бой алдырмай, жұмыс жасап, бойларын сергек ұстауды жөн көрген адамдардың тәжірибесін ұсынып отырмыз.

Карл Югстер – зейнетке шықпай жүз жасаған адам

20-09-karl-1

Швейцарияның Цюрих қаласының тұрғыны Карл Югстер бұл мәселені зейнет жасын ұзарту арқылы шешуге болады деп есептейді.

Карл Югстер жұмысқа бару үшін күнделікті таңертең биік төбеге шығады. Ары қарай 10 минут пойызбен жол жүреді. Жұмыста ол қартаю үрдісін зерттеумен айналысады. Бірақ оның өзге кеңсе қызметкерлерінен бір ерекшелігі бар. Карл Югстер қазір 97 жаста. Жаңағы жұмыстың барлығын ол осы жасына қарамай жақсы атқарып отыр.

Доктор Югстер ұзақ өмір сүруім әлі күнге дейін зейнетке шықпағанымның арқасы деген пікірде. Ол денесін шынықтыруға 80-ге толғанда көбірек көңіл бөле бастаған.

20-09-karl-2

75 жасқа дейін Карл тіс дәрігері болды. Ал қазір – 95-тен жоғары жастағы адамдар арасында 200 және 400 метрге жүгіруден әлемдік рекорд орнатқан спортшы. Ол аптасына үш күн белсенді түрде жаттығу жасауды әдетке айналдырған.

«Мен жасаруға тырыспаймын, тек денсаулығымның мықты болғанын қалаймын. Адамдардың санасына 65 жастан кейін өмір бітеді деген түсінік қалыптасып қалған. Сондықтан зейнетке шыққан адамдардың көбі өздеріне дұрыс көңіл бөлмейді. Зейнетке шыққан соң адам көбіне қаржылық дағдарысқа ұшырайды. Зейнеткерлік денсаулыққа да кері әсерін тигізіп жатады», дейді ол.

Жалпы, Карл Югстер адамның өзіне тиісті көңіл бөліп, бойын сергек ұстауының зор пайдасын, және оған ешқандай жас мөлшері кедергі емес екенін өмірлік тәжірибесімен дәлелдеп жүрген адам.

Кәрілік ойдан басталады дейді 70 жастағы Сэм Брайант

20-09-bryant-1

Бір қарағанда Сэм Брайанттың жасы қаншада екенін шамалау қиын. Оның мынадай сымбатына жас жігіттердің өзі қызығып, тіпті, қызғана қарауы ғажап емес.

«Қашан зейнетке шығасың деп сұрайтындар көп. Алайда, оларға зейнетке шығу ойымда да жоқ екенін айтамын. Меніңше, үнемі бір іспен айналысып, тыным таппайтын адамдарға қарағанда, демалысқа шығып алып, бос жататындар ертерек қайтыс болады. Мен 27 жыл бойы күніге жаттығамын», дейді 70-тен асқан Сэм Брайант.

Керемет дене бітімінен бұрын Cэм Брайанттың бодибилдинг спортына 44 жаста келгені таң қалдырады. Себебі, көбінесе мұндай жастағы адамдар спорт былай тұрсын, қарапайым жаттығу жасауға да ерінеді. Ал Сэм Брайантты спортпен айналысуға жеке өмірдегі қиындықтары итермелеген. Әйелімен ажырасуы оны күйзеліске түсірген еді. Басында ол жаттығу залына күйігін басу үшін ғана келіп жүрген. Уақыт өте келе Сэм жақсы нәтиже көрсете бастады. Сөйтіп нұсқаушы оған бодибилдингтен жарысқа қатысуды ұсынған.

«Мен бұрын ешқандай байқауларға немесе жарыстарға қатысқан емеспін. Ол жарыста шеберлер арасында төртінші орын алып, сыйлыққа ие болдым. Содан кейін бұл спортқа қызығушылығым арта түсті», – дейді ол.

20-09-bryant-2

Сол кезден бері Сэм жаттығуды тоқтатқан емес. Жүйелі түрде түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп келеді.

«Жас ұлғайған сайын адам қартая береді деген – қате түсінік. Адамды қартайтатын оның ойы. Кәрілік – біздің ішкі сана-сезімімізде қалыптасқан құбылыс. Мәселен, қартайдым деп есептесеңіз, денеңіз де қартая береді. Сөйтіп, қалайша кәрілікке бой алдырып қойғаныңызды да байқамай қаласыз. Ал мен кәрілікке сенбеймін, түні бойы билеп, көңіл көтере аламын», дейді Сэм Брайант. 70-тен асқан оның қазіргі сымбатына қарап, айтып отырғандарының барлығы рас екеніне сенбеу қиын.

Сэм Брайант жастармен бірге жарыстарға қатысып, танымал болып отырғанына ешбір қысылмайтынын айтады. Керісінше ол адамдардың өзінен үлгі алғанын қалайды. «Мен ештеңемен айналысуға зауқы жоқ жастарды көп көремін. Олардың өмір салты сондай. Үйден шықпай, демалыс бойы теледидар алдында тапжылмай отыра береді. Ал мен бос отыра алмаймын, үнемі қозғалыста болғым келеді», дейді ол.

Айдар ӨРІСБАЕВ