ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бойынша шаралар туралы айтып берді.
Министрдің айтуынша, негізгі қағидат – зейнетақы жинақтары жинақтаушы зейнетақы жүйесінен азаматтарды болашақта зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажет. Сондықтан белгілі бір сома зейнетақы шотында қалуы керек. Осы соманың артығын азаматтар өз қалауы бойынша жоғарыда көрсетілген қажеттіліктеріне пайдалана алады.
«Барлық зейнетақы жинағын үлестіру міндеті тұрған жоқ», - деді Б.Нұрымбетов.
Жоғарыда көрсетілген қажеттіліктер үшін Бірыңғай зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) жинақтарының бір бөлігін алу құқығын министрдің айтуынша, біріншіден, зейнетақы жинақтары бар еңбекке қабілетті жастағы азаматтар «жеткіліктілік шегі» деп аталатын соманың бір бөлігін (бұл шамамен 529,7 мың адам) пайдалана алады.
Екіншіден, БЖЗҚ-да жинақтары бар зейнеткерлер қалған соманың 50%-на дейін (шамамен 178,4 мың адам) пайдалана алады. Азаматтардың осы санатында жиынтық зейнетақы (жасына байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және БЖЗҚ-дан төлемдерді қоса алғанда) жоғалған табыс (бұрын алынған жалақы) мөлшерінің кемінде 40%-ын құрауы тиіс.
Үшіншіден, зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-да қалған соманы пайдалана алады (шамамен 13,3 мың адам).
«Осылайша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алады», – деді Біржан Нұрымбетов.
«Жеткіліктілік шегі» деген не?
ЕХӘҚМ басшысының айтуынша, «жеткіліктілік шегі» деп белгілі бір жастағы салымшы үшін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы қарастырылады, ол БЖЗҚ-ға оның табысынан болашақтағы тұрақты 10% зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан төмен емес) ескере отырып,82 жасқа дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлері әйелдер мен ерлер үшін бірдей.
Министрдің айтуынша, мұндай шегі жаңа алушылар үшін қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т. б.) қарай қайта есептелетін болады.
20 жастан бастап, әр жас үшін белгілі бір шегі бар.
«Алдын ала есептеулер бойынша, мысалы, 30 жастағы азаматтар үшін "жеткіліктілік шегі" 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан тыс, олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге таңдау жасай алады. 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн 586 мың теңге. Осы "шекті" сомаларға қол жеткізу ел бойынша орташа айлық жалақы деңгейінде табысы бар тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін әбден қолжетімді», – деп түсіндірді министр.
Зейнетақы жинағын қандай мақсаттарда пайдалануға болады?
Біржан Нұрымбетов сонымен қатар «жеткіліктілік шегі» бар азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе өзі, ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстары (аталары/әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері) үшін емделуге ақы төлеу үшін пайдалана алатынын атап айтты. Мақсатты пайдалану үшін осы отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады.
«Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда алу саны бойынша шектеулер көзделмеген, яғни азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін сол бір ғана немесе басқа мақсатқа қайта пайдалана алатындығына жол беріледі», – деді ол.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану тетіктері қандай болады?
Брифинг кезінде зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігі қалай жұмыс істейді, тек бастапқы тұрғын үй немесе бұрын салынған тұрғын үйді алу үшін пайдалануға бола ма және тұрғын үй болған жағдайда бұл қаражатты ипотеканы өтеуге жұмсауға бола ма деген сұрақ қойылды.
«Біз тұрғын үй сатып алуды ғана емес, тұрғын үй жағдайын жақсартуды да ұсынамыз. Сондықтан алуға болатын қаражатты азаматтар бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үй мен жер учаскесін сатып алуға жұмсай алады. Олар ипотека алу үшін бастапқы жарнаны пайдалана алады, ипотеканы өтеу және несиені қайта қаржыландыру үшін қай банктен алынғанына қарамастан, сондай-ақ тұрғын үй салу, жөндеу және кеңейту үшін пайдалана алады. Тұрғын үй болған жағдайда ипотеканы өтеуге пайдалануға болады», - деп түсіндірді Б. Нұрымбетов.
«Бір терезе» қағидаты бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға төленетін зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде жаңадан құрылатын «Отбасы Банк»-ті («Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ, бұдан әрі – ТҚЖБ) белгілеу ұсынылады. Министрдің айтуынша, бұл мәселе талқылануда.
Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ем алу төлеміне пайдалану үшін салымшы денсаулық сақтау басқармаларының (облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы) жанынан арнайы құрылған комиссияларға жүгінеді деп болжануда. Медициналық көмек көрсету қажеттілігі туралы комиссияның қорытындысын алғаннан кейін, емделуден өту үшін клиниканы таңдаған салымшы емделуге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану жөніндегі уәкілетті операторға өтініммен жүгінеді (ҚР Үкіметі айқындайтын болады).
Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу ережесін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындайтын болады.
Салымшы зейнетақы жинақтарын басқаруға беру үшін жеке қаржы компаниясын таңдауды БЖЗҚ-ға өтініш беру арқылы жүзеге асырады.
Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру ережесін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады.
«Бұл тәсілдерді Мемлекет басшысы қолдады. Оларды іске асыру үшін ағымдағы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданып, дайындық жұмыстары жүргізілетін болады. Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар мақсатты пайдалану үшін БЖЗҚ жинақтарының бір бөлігін алу құқығын 2021 жылы пайдалана алады», - деді Б. Нұрымбетов.