2021 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын зейнетақы портфелін басқарушыға (ИПБ) аудару бойынша жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден асатын 554 өтініш келіп түсті. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" БЖЗҚ сілтеме жасап хабарлайды.
Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға аударуға өтініштердің 42% астамы Алматы қаласының тұрғындарынан келіп түсті. Олардың орта есеппен 2,3 млн теңге аударғысы келеді. Елорда тұрғындарынан аударымға өтініштердің шамамен 20% түсті және олар ИПБ-ға орта есеппен 2,6 млн теңгені сеніп тапсыруға дайын. Берілген өтініштердің саны бойынша үшінші орында – Қарағанды облысы (4,9%). Аударымның орташа сомасы 1,7 млн теңгені құрайды.
554 өтініштің 451-і өңделуде, бұл ретте 103 өтінішті қабылдаудан және (немесе) орындаудан бас тартылды. Бас тартудың негізгі себептері – өтініште көрсетілген сұрау салынған сома аударуға қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасынан асып түседі; өтініште көрсетілген сұрау салынған сома өңдеуге қабылданған өтініштерді ескере отырып, аударым үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасынан асып түседі; ИПБ-ға аудару құқығының болмауы және т. б
Зейнетақы жинақтарын аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет, оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келгенде беруге болады.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуді enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару» бөлімінде жүзеге асыруға болады.
10 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану туралы 1798 өтініш берілген. 1176 өтініш орындалып, уәкілетті операторларда ашылған салымшылардың арнайы шоттарына 1,2 млрд теңгеден аса сома аударылды. Қазақстандықтар емделуге орташа есеппен 1 млн теңге пайдаланады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (22,6%), Нұр-Сұлтан қаласы (18,4%) және Қарағанды облысының (7,5%) тұрғындарынан келіп түсті. Өзекті статистикамен «Көрсеткіштер» - «Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінде танысуға болады.
2021 жылғы 10 наурызға уәкілетті операторлардан («Отбасы банкі» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ «Банк ЦентрКредит» АҚ) тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға 208 853 өтініш түсті.
Жалпы сомасы 740,4 млрд теңгеден асатын 142 237 өтініш орындалды. Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,2 млн теңгеден асады. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалану туралы өңірлер бөлінісі бойынша толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінде ұсынылған. Қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсатта пайдаланатынын enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсаттары бойынша» бөлімінен білуге болады.