09 қаз, 2020 сағат 17:40

Зейнетақы жинағымен ипотеканы жабуға болады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде қатаң карантин енгізілсе, еңбек нарығындағы жағдай қандай болатынын сипаттап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мақсаттарға тоқталатын болсақ, тұрғын үй мәселесін шешу ескерілген. Бұл жерде арнайы ереже бекітіледі, тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы тұрғыда негізгі параметрлер тек баспана сатып алумен шектелмеген, яғни жалпы тұрығын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Ол қаражатқа тұрғын үйді немесе жер телімін сатып алуға болады. Осы орайда тек жаңа баспана деген ұғым жоқ, қайталама нарықтан да үй сатып алу мүмкіндігі бар. Ипотека алуға алғашқы жарна ретінде пайдалануға, ипотеканы жабуға немесе қайта қаржыландыру мақсатына бағыттауға болады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда ипотека қай банктен алынғанына немесе қандай бағдарламамен рәсімделгеніне ешқандай шектеу қойылмайды. 

«Баспана көлемін кеңейтуге пайдалануға болады. Бұл мүмкіндікті тек өзіне емес, сонымен қатар жақын туыстарына да таралады деп жоспарладық. Жақын туыстарына ата-анасы, балалары, бауырлары ата-әжесі, немерелері кіреді. Қаражаттың мақсатты пайдаланылуы үшін бірыңғай оператор болады, сол оператор азаматтың тапсырысы бойынша жинақтаушы қорымен байланысып, сол жердегі тиісті қаражатыңызды баспана, жер телімін сатып жатқан адамға немесе ипотека рәсімделген банктерге аударады», - деп нақтылады министр.  

Айта кетейік, зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалану құқығы 2021 жылдан бастап берілетін болады. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін алынуы мүмкін. Егер мақсатты пайдалануға қажет болса, отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады.