Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийді қызметінен босатты. Зеленский қол қойған жарлық Президент кеңсесінің сайтында жарияланды.
"Петр Юрьевич Врублевский Украинаның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылсын", - делінген жарлық мәтінінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін бірқатар БАҚ Украина елшісі Петр Врублевскийдің қазақстандық блогер Диас Құзайырға берген сұхбатынан үзінді таратқан болатын. Онда дипломат "орыстарды неғұрлым көп өлтірсек, балаларымыздың қолы қанға соғұрлым азырақ малынады" деген еді.
Кейінірек Врублевский Қазақстанның Cыртқы істер министрлігіне шақырылды, ведомство оның мәлімдемесіне наразылық білдірді. Содан соң Украина елшісі Қазақстаннан кешірім сұрады.
Айта кетейік, Петр Врублевский 1970 жылы 15 шілдеде дүниеге келген. Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің халықаралық қатынастар институтын бітірген.
Түрлі құқықтық және қаржылық құрылымдарда жұмыс істеген. 1997 жылдан дипломатиялық қызметте. Украинаның Индонезиядағы, Тайландтағы, Вьетнамдағы елшіліктерінде жұмыс істеген. Сондай-ақ, Украина Президентінің Хатшылығында және премьер-министрінің Кеңсесінде түрлі қызметтер атқарған.
Қазақстандағы Елші болып тағайындалғанға дейін Украинаның Беларусьтегі елшілігінің министр кеңесшісі қызметін атқарған.