Украина президенті Владимир Зеленский соғыс келер жылы аяқталады деп үміттенеді. "Украиналықтар келер жылы да ықпалды болады деп сенемін, бірақ ол уақытта бейбіт кезең болады" деді Зеленский Politico сайтына.
Бұл интернет басылым Украина президентін Еуропадағы ең ықпалды адам деп таныды. Сейсенбі, 6 желтоқсанда Time журналы да Зеленскийді "Жыл адамы" деп таныған еді.
Зеленский Politico-ға берген сұхбатында "Украина халқына қиын сәтте қолдау көрсеткен Еуропадағы барлық досына алғыс айтты".
Ал Ресей президенті Владимир Путин кеше, 7 желтоқсанда "арнайы әскери операция" (Кремль Украинадағы соғысты осылай атап жүр, Ресейде соғыс сөзін қолданғандар жазаланады) "ұзақ процесс болуы мүмкін" деді.
Путин Ресей әскерінің Украина аумағындағы жерлерді аннексиялап алғанын "операцияның маңызды нәтижесі" деп атады. Ал әлем елдерінің басым бөлігі Кремльдің Украинадағы басып алған жерлерін Ресейдікі деп мойындамайды.
Сондай-ақ, Ресей басшысы ядролық соғыс қаупі ұлғайып келе жатқанын айта келе, Ресей "ядролық қаруды ұстарадай сілтей беремейді" деді. Путин Ресей "ұлттық құндылықтарын бейбіт жолмен қорғайтынын", егер бұл әдіс көмектеспесе, "ұлттық құндылықтарын" "қолындағы барымен қорғайтынын" айтады.
Айта кетейік, карьерасын шоумен, актер ретінде бастаған Владимир Зеленский 2019 жылы Украина президенті боылп сайланған. Ресей Украинаға басып кіргелі Зеленский елдің қорғанысын батыл қолға алды. Ресей әскері Киевті алмақ болғанда ол қалада қалған. Соғыс басталғалы Украинадан кетпеді, түрлі жиындарға тек видеобайланыспен қатысып жүр. Зеленский күн сайын халыққа видеоүндеу жолдап, соғыс жайлы хабар беріп отыр.