23 мау, 2023 сағат 09:47

Зеленский Ресейді Запорожье АЭС-іне теракт дайындап жатыр деп айыптады

Фото: Gettyimages.ru

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейді Запорожье атом электр станциясында (АЭС) теракт дайындап жатыр деп айыптады. АЭС Ресей оккупациялап алған Запорожье облысындағы Энергодар қаласында орналасқан.

Зеленский "террорлық акт" дайындап жатқаны туралы украин барлау қызметі мәлімет бергенін 22 маусымдағы видеоүндеуінде айтты.

"Радиацияның мемлекеттік шекарасы жоқ екенін тағы айтамын. Оның қай жаққа тарайтынын жел бағыты анықтайды. Біздегі мәліметті барлық одақтасымызбен бөлісеміз", - деді украин президенті.

Кремльдің ресми өкілі мұны кезекті "өтірік" деп атады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жақында ғана МАГАТЭ өкілдері сол жерге барғанын, олар АЭС ісін жоғары бағалағанын атап өтті.

МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси Украинадағы АЭС-ке 15 маусымда барған. Оның сапары Каховка СЭС-нің жарылуы электр станцияға қалай әсер еткенін бағалау мақсатын көздеген. Өйткені жарылыстан кейінгі жағдай станция үшін қауіпті екені айтылған.

Айта кетейік, 6 маусымға қараған түні Каховка СЭС-нің дамбасы жарылып, Херсон облысының бірқатар елді мекенін су басты. 30-ға жуық адам қайтыс болып, мыңдаған тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілген. Киев пен Мәскеу оқиғаға бірін-бірі айыптады.