27 қаң, 2023 сағат 10:38

Зеленский Путин жөнінде: Украинаға басып кіргелі оны ешкім деп есептемейтін болдым

© Фото: Украина Президентінің баспасөз қызметі

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президентімен кездесуді көздемейтінін, Украинаға басып кіргелі бері Владимир Путинді ешкім деп есептемейтінін айтты. Sky News арнасына берген сұхбатында Зеленский осылай деп мәлімдеген. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

"Ресей президентімен кездесу Украинадағы соғысты тоқтатуға көмектесе ме?" деген сұраққа Зеленский:

"Бұл мені қызықтырмайды. Кездесуде, сөйлесуде мән жоқ. Себебі біз Ресей басқыншылығы алдында "норманд форматы" аясында кездескенбіз. Мен сөзі мен ісі бөлек адамды көрдім" деді Зеленский.

Ресей мен Украина арасындағы келіссөз мәселесіне тоқталған Украина президенті "Ресей келіссөз жүргізуге құлықсыз екеніне сенімдімін" деді. Оның сөзінше, мұндай ниет басқыншылыққа дейін де байқалған.

"Путин солай деп шешті. Ол келіссөзге барғысы келмейді, себебі бейбітшілікті қаламайды" деді.

Ол әлі күнге дейін өзіне Ресейде кім шешім шығаратыны жұмбақ күйінде қалғанын айтты.

"Мен үшін ол [Путин] кім? Басқыншылықтан кейін оны ешкім деп есептемейтін болдым" деді Зеленский.

Sky News тілшісімен сұхбатта украин басшысы Ресей аумағында соғысқысы келмейтінін анық айтты.

"Бар тілегім – олар [Ресей] соғысты тоқтатып, елімізден тезірек кетсе деймін. Олар біздің жерден кетсе, соғыс тоқтайды деп анық айта аламын" деді ол.

Украинаның шығысындағы жағдайға тоқталған Зеленский "ол жақта Ресей күштері алға қарай жылжып барады, бірақ орасан шығынға батып жатыр" деді.

"Бұл енді – көп шығын. Оларға бәрібір. Олар өз адамдарының санын есептемейді" деді ол.

Зеленскийдің сөзіне қарағанда, Ресей жағы мыңдаған әскерінен айырылған. Украина президенті украин армиясының шығыны жөнінде нақты дерегі жоғын айтты.

Зеленскийдің сұхбатына Кремль өкілдері де реакция білдірді. Олар "Зеленскийдің өзі баяғыда-ақ президент Путиннің ықтимал қарсыласы болудан қалды" деген.


Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.