16 қаз, 2020 сағат 07:32

Зайнутдинов ЦСКА-ның қыркүйек айындағы үздік ойыншысы атанды

Қазақстандық Бактиер Зайнутдинов қыркүйек айының қорытындысы бойынша мәскеулік ЦСКА клубының үздік ойыншысы атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ЦСКА футбол клубы мәлім еткеніндей, ол өткен айда команданың барлық үш ойынына қатысқан.

Клубтың ресми сайтында жанкүйерлер арасында өткен дауыс беру нәтижесінде Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Б.Зайнутдинов үздік шықты. Ол дауыстың 37 пайызын жинады. Хорватиялық Никола Влашич екінші (23 пайыз), қақпашы Игорь Акинфеев үшінші (18 пайыз) орында. 

Дауыс беруге барлығы 12544 адам қатысты.

Ресей премьер-лигасында 19 ұпаймен үшінші орында келе жатқан ЦСКА кезекті ойынын 18 қазан күні «Динамо» (Мәскеу) командасымен өткізеді. Ал 22 қазанда Еуропа лигасының К тобында Аустрияда «Вольфсберг» клубымен алаңға шығады.