07 қаз, 2022 сағат 13:44

Запорожьеде зымыран соққысынан 11 адам қаза болды


6 қазанда Запорожьеге жасалған зымыран соққысынан 11 адам қаза болды, үйінді астында қалған 21 адам құтқарылды. Бұл жөнінде Украина төтенше жағдай мемлекеттік қызметі хабарлады. 

Ведомство мәліметінше, қалада кемінде екі тұрғын үй қираған. Бірінде үйінді астынан алты адам құтқарылған, бесеуі ауруханаға жатқызылған. Сол жерден сегіз адамның денесі табылған. Құлаған екінші үйден үш адамның денесі табылған, құтқарылған 15 адамның сегізі ауруханаға жеткізілген. Ведомство қазір зымыран соққысының салдарын жою жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. 

Запорожьеге зымыран соққысы 6 қазанда таңертең жасалған. Облыстың басым бөлігі орыс күштерінің бақылауында қалып отыр. Аймақтағы екі ірі қаланың бірі Запорожьені орыс армиясы басып ала алмады. 

Ресей жағы зымыран соққысына түсініктеме берген жоқ. Мәскеу Украинаның азаматтық нысандарына соққы жасағанын әлі күнге дейін мойындамай келеді. Азаматтық нысандарды қирату халықаралық нормада әскери қылмыс саналады.

3 қазанда БҰҰ Ресей Украинаға басып кіргелі қаза болған бейбіт азаматтардың саны 6114-ке жеткенін хабарлаған. Ұйым дерек тым төмендетіп көрсетілген болуы мүмкін және жиі жаңарып жатыр деп ескертеді.